Қорғаныс министрлігі ҰҚК мен Ұлттық ұландағы сарбаздар өліміне жауап бермейді - Министрлік
Қорғаныс министрлігі әскердегі сарбаздардың өз-өзіне қол жұмсау дерегінің көбеюіне қатысты пікір білдіріп, жастардың мұндай қадамға баруы әскери қызметті өткеруімен байланысты емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Соңғы кездері еліміздің күштік құрылымдарында орын алған өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің жиілеуі түсіндіруді қажет етеді. Әскери қызметшінің өлімі тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде орын алып отыр. Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бейбіт уақытта аталған күштік құрылымдар Қарулы күштердің құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды”, – делінген хабарламада.
Министрлік өкілдері сарбаздардың өзіне қол жұмсауы командир үшін үлкен шығын екенін атап өтті.
“Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді. Тексеру нәтижелері өзіне-өзі қол жұмсау көп жағдайда әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсетті. Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әр түрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек”, – деп қосты министрлік өкілдері.
Министрлік мәліметіне сәйкес қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығындарды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған "Өмірді сақта" кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр.