Қорғаныс министрлігі кәсіпкерлерге 1 млрд теңге қарыз болып шықты
Қорғаныс министрлігінің төңірегінде шу шықты. Ведомствоға қарасты ұйым сексеннен астам жеке компанияға 1 миллиард теңге қарыз болып шықты. Берешекті бірнеше айдан бері ала алмай жүргендер Нұрлан Ермекбаев отыратын ғимаратқа барып, ақшаны қайтаруды талап етті.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Қорғаныс министрлігі маңына 1 миллиард теңге ала алмай жүрген 85 мердігер жиналды. Наразы топқа басу айтуға полицейлер мен шенеуніктер келді.
«Құрметті азаматтар! Мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қызметкерімін. Сіздерге ҚР митингілерді, шерулерді өткізу тек жергілікті атқарушы органмен келісілетінін хабарлаймын», - деді ол.
Бірақ жиналғандар өздерінің шерушілер емес, тендер жеңімпаздары екендіктерін полицейлерге түсіндірді. Сөйтті де, министрліктің «Әскери Құрылыс» атты еншілес компаниясы жасатарын жасатып алып, қаржысыз қалдырды дегенді айтты.
«Біздің айтарымыз, мынау қарызды төлесін. «Әскери Құрылыс Астана» ЖШС бар, «Әскери Құрылыс» АҚ бар, біздің қарызды өтеп берсін. Бәріміз несие алып, көлігін тігіп, пәтерінн салып, өз қаражаттарына жұмыс жасады. Сол жұмыстың қаржысын күте алмай жатырмыз»,- деді кәсіпкер Ерлан Шілдебаев.
Қарулы күзеті бар, стратегиялық нысан маңына құжыныған жұртты көргенде Нұрлан Ермекбаевтың қоластындағылар да далаға шықты. Шенділер 1 миллиард теңге төңірегіндегі былыққа «Әскери Құрылыс» жанынан құрылған «Әскери Құрылыс Астана» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегілер кінәлі екенін айтты. Қазір министрлік ішінде тергеп-тексеру де басталыпты.
Нұрлан Ермекбаевтың орынбасары мердігерлер ақшаларын міндетті түрде алады дейді. Бірақ ол үшін уақыт керек екен. Сондай-ақ, Мұхамеджан Таласов «Әскери Құрылыс Астана»-дағы проблема 2016 жылы басталғанын айтады. Компания соңғы төрт жылдан бері ішкі қаржылық проблемасын шешіп келіп, биыл тығырыққа тірелген. Мұны ұйымның су жаңа директоры да растады.
Қысқасы, 85 мердігер мыңнан аса жұмысшысына әзірге өз қалталарынан қаржы төлеп отыр. Араларында мүлдем ақшасыз қалып, нәпақасын ала алмағандардан қоқан-лоқы көріп отырғандар да бар екен. Тендерде жеңгендер, әсіресе, кірісті санайтын органдар есепшотты бұғаттап, қинап жатыр, дейді. Ал министрліктегілер жеке кәсіпті тексеруге мораторий болған соң, уақытылы «Әскери Құрылыс Астана»-ның қызметіне араласып, тексере алмағандарын жеткізді.