"Балам мектепте жалғыз қалды..." Жер сілкінісі кезінде жұмыстағы ата-ана қалай әрекет етуі тиіс
28 қыркүйектегі Алматыдағы жер сілкінісінен кейін ата-аналар арасында мектептегі балалардың қауіпсіздігі қызу талқыланды. Кей ата-ана баласын алып кету туралы мектептен хабарлама алғанын жазды. Жер сілкінісі кезінде ата-ана баласын өзі алып кетуі керек пе? Жұмыста болса, баланың жауапкершілігі кімде? Жұмыс беруші ата-ананы жұмыстан жіберуге және жалақысын сақтауға міндетті ме? Stan.kz осы сұрақтарға жауап іздеді.
"Баламды мектептен алып кетуімді сұрады. Бірақ өзім жұмыстамын. Басшылықтан сұранып шығудың өзі оңай емес. Жұмыстан шығып, мектепке жеткенше де 1,5 сағат уақыт кетеді. Мұндай жағдайда не істеуім керек?" деген мазмұндағы пікірлер ата-аналарды алаңдатты.
Тағы бір ата-ана баласын мектептен алып кетуге мүмкіндігі болмаған жағдайда оның қауіпсіздігіне алаңдайтынын жазған.
"Мен жұмыста болсам, баламды мектептен кім алып кетеді? Өзім бара алмасам, оны мектепте қалдыруға бола ма? Осындай төтенше жағдайда ата-ана ретінде не істеу керегін нақты білмейміз", – деп жазды ата-аналардың бірі.
Дүмпу кезінде ата-ана мектепке қарай жүгіруі керек пе?
Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынымында жер сілкінісі кезінде ең бастысы – сабыр сақтау және қауіпсіз жерде болу екені айтылады.
"Дүмпу кезінде лифт пен баспалдақты пайдалануға болмайды. Жер сілкінісі тоқтағаннан кейін ғана ғимараттан баспалдақ арқылы шығу керек. Яғни ата-ана баласы мектепте екен деп дүмпу болып жатқан сәтте мектепке қарай жүгірмеуі керек. Өйткені бұл жағдайда ата-анаға да жолда немесе басқа ғимаратта қауіп төнуі мүмкін", – деді ТЖМ.
Ал мектепте оқушыға не болады?
Білім беру ұйымдарында жер сілкінісі кезіндегі әрекет алгоритмі қатаң қарастырылған. Сайын Шапағатов атындағы мектептің директоры Марат Қани бұл мәселеге қатысты өз ойын былай деп өрбітті:
“Жер сілкінісі сияқты төтенше жағдайлар кезінде ең басты жауапкершілік – балалардың өмірі мен қауіпсіздігі. Бізде бұл бағытта арнайы бекітілген алгоритм бар. Дүмпу басталған сәтте мектеп қабырғасындағы барлық оқушы мен ұжым саспай, ережеге сәйкес қауіпсіз жерлерге (негізгі тірек қабырғалардың жанына) тұрып, алғашқы дүмпу басылған соң дереу мектеп ауласындағы немесе маңайындағы ашық алаңдарға эвакуацияланады. Ата-аналардың "баламды алып кетейін" деп жаппай мектепке қарай ағылатынын түсінеміз, оларды да түсінуге болады, өйткені ата-ана үшін баласының амандығы бәрінен биік. Дегенмен, дүрліккен сәтте ата-ананың келуі кейде белгілі бір қиындықтар тудырады. Біріншіден, көлік кептелісі пайда болып, құтқару қызметтерінің жұмысына кедергі келтіреді. Екіншіден, бала әлі эвакуациялық аймақта немесе мұғалімнің қатаң бақылауында жүргенде, ата-ананың "жұлып әкетуге" тырысуы ұйымдастыру жұмыстарын шатастырып жіберуі мүмкін, – дейді директор.
Бұл дегеніміз – жер сілкінісі кезінде бала мектепте болса, ата-анасы жеткенше оны қараусыз қалдырмайды. Алдымен мектептің қауіпсіздік алгоритмі іске қосылады.
Ал ата-ана жұмыста отырса? Жұмыс беруші жіберуге міндетті ме?
Мәселенің ең өзекті тұсы – осы. Ата-аналардың барлығы бірдей жұмыс орнынан қалаған уақытта шыға алмайды. Бірі мемлекеттік мекемеде, бірі өндірісте, бірі дүкенде, енді бірі ауысымдық жұмыста еңбек етеді.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сүйенсек, "жер сілкінісі кезінде жұмыс беруші қызметкерді дереу жұмыстан босатуға немесе үйіне жіберуге міндетті" деген тікелей заңдық міндеттеме (императивті норма) жоқ.
-
Алайда егер кеңсе немесе кәсіпорын орналасқан ғимаратта дүмпу сезіліп, нақты қауіп төніп тұрса, жұмыс беруші де жалпы қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, қызметкерлерді эвакуациялауға тиіс.
-
Мектеп жасындағы баласын алу үшін жұмыстан шығу қажет болған жағдайда, бұл мәселе көбіне тараптардың өзара келісімімен шешіледі. Түсіністік танытатын басшылар рұқсат береді, бірақ бұл заң жүзінде жұмыс берушінің еркіндегі дүние.
Жұмыстан сұранып шыққан уақытта жалақы сақтала ма?
Мұның бірнеше шешу жолы бар:
-
Ақысыз демалыс: Егер жұмыс беруші балаңызды алып келу үшін бірнеше сағатқа рұқсат берсе, бұл уақыт үшін жалақы сақталмайды (ҚР Еңбек кодексінің 115-бабына сәйкес, қызметкердің өтініші бойынша ақысыз демалыс берілуі мүмкін).
-
Жұмыс уақытын кейін өтеп беру: Көптеген ұжымдарда қызметкер мен басшы өзара келісіп, жұмыстан кеткен сағаттарды басқа күні немесе жұмыс уақытынан тыс уақытта өтеп беру жүйесін қолданады. Бұл жағдайда жалақыңыз толық сақталады.
-
Қашықтан жұмыс істеу форматы: Егер жұмыс сипаты мүмкіндік берсе, ата-ана бастығымен келісіліп, сол күні жұмысты қашықтан жалғастыра алады (жалақы толық сақталады).
Бұл түсініспеушіліктерді болдырмау үшін әр ата-ана өз жұмыс орнындағы басшылықпен немесе HR бөлімімен төтенше жағдай туындаған кездегі әрекеттерді алдын ала талқылағаны абзал.
Әр ата-ана сынып жетекшісіне мына сауалдарды алдын ала қойғаны жөн:
- 1. Жер сілкінісі кезінде балалар қайда эвакуацияланады?
- 2. Ата-ана жұмыста болса, бала кімнің бақылауында болады?
- 3. Ата-аналарға ақпарат қандай арна арқылы беріледі?
- 4. Баланы ата-анасы келе алмаған жағдайда кім алып кете алады?
- 5. Баланы мектептен алып кету туралы шешімді кім қабылдайды?
- 6. Балаларды қай жерде күтіп алуға болады?
Бұл сұрақтардың жауабы әр мектепте ата-анаға түсінікті болуы маңызды.
"Балаңызды алып кетіңіз" деген хабарлама келсе ше?
Мұнда ата-ана ең алдымен хабарламаның ресми екеніне көз жеткізуі керек. Мектеп әкімшілігі баланы алып кету туралы ресми түрде хабарласа, ата-ана сынып жетекшісімен немесе мектеп әкімшілігімен байланысып, баланың қай жерде екенін және оны қандай тәртіппен алып кетуге болатынын нақтылағаны дұрыс.
Ал әлеуметтік желідегі қауесетке немесе ата-аналар чатындағы расталмаған ақпаратқа сүйеніп, асығыс әрекет етуге болмайды.
ТЖМ ата-аналарға не ұсынады?
Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісін алдын ала дәл болжау мүмкін емес екенін ескертеді. Сондықтан оған дайындықты төтенше жағдай болған кезде емес, алдын ала жасау қажет. Министрлік отбасы мүшелерімен бірге әрекет жоспарын құруды, жақын маңдағы эвакуациялық пункттерді білуді және төтенше жағдай сөмкесін алдын ала дайындауды ұсынады.
Алматы ТЖД да отбасы үшін алдын ала жиналатын орынды белгілеп қоюға кеңес береді. Қалада зардап шеккен халықты қабылдайтын пункттер білім беру ұйымдарында да орналасқан.
Сондықтан ата-ана баласымен бірге алдын ала мына мәселелерді талқылағаны жөн:
- Жер сілкінісі кезінде бала мектепте болса, мұғалімнің нұсқауын орындауы;
- Мектептен өз бетімен қашып шықпау;
- Ата-анамен байланыс үзілсе, белгіленген жиналу орнына бару;
- Ата-ана келе алмаған жағдайда баланы кім алып кететінін білу;
- Отбасы мүшелері қай жерде кездесетінін алдын ала келісу.
Ал егер мектеп әкімшілігі балаларды ата-аналарына беру туралы шешім қабылдаса, ата-аналарға бұл туралы нақты ақпарат беріліп, баланы қай жерден және қандай тәртіппен алып кетуге болатыны түсіндірілуі керек.
Өйткені жер сілкінісі кезінде ата-ана "баламның қасында болайын ба, әлде жұмысымды тастап кетейін бе?" деген таңдаудың ортасында қалмауы керек. Мұндай жағдайдың тәртібі алдын ала белгілі болуы тиіс.
Ал ата-ананың міндеті – дүмпу кезінде дүрбелеңге салынбай, баласының мектебіндегі қауіпсіздік алгоритмін білу, ресми ақпаратты қадағалау және қажет болған жағдайда мектеппен байланысып әрекет ету.
"Балам мектепте жалғыз қалды..." Жер сілкінісі кезінде жұмыстағы ата-ана қалай әрекет етуі тиіс