Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жаңа көлік полициясы басқармасы құрылады

Көлік полиция басқармасы
Фото: Stan.kz / Түсірген Айым Атамбаева

Қазақстанда LRT нысандарында жұмыс істейтін көліктегі полицияның жеке басқармасы құрылады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құжатқа сәйкес, Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментінің құрамында LRT нысандарындағы көліктегі полиция басқармасы атты жаңа мемлекеттік мекеме пайда болады.

Жаңа бөлімшенің қызметі республикалық бюджет есебінен, ішкі істер министрлігін ұстауға қарастырылған қаражат шеңберінде қаржыландырылады.

Басқарма министрліктің қарамағындағы аумақтық органдар мен бөлімшелердің тізіміне де енгізіледі. Қаулының жарияланған бөлігінде жаңа басқарманың штат саны мен нақты қандай нысандарға жауап беретіні туралы мәліметтер көрсетілмеген. Құжаттың бір тармағы қызметтік пайдалануға арналған.

Қаулы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, Қазақстандағы көлік полициясы көлік инфрақұрылымы нысандарындағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде ішкі істер министрлігінің жүйесінде теміржол вокзалдары мен басқа да көлік нысандарында желілік полиция басқармалары мен бөлімдері жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда LRT желісінің құрылысы кезең-кезеңімен жүріп жатқанын жазған едік. Қазір Бауыржан Момышұлы және Төле би көшелерінде инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезеңдегі желі Мөңке би және Б. Момышұлы көшелеріндегі деподан басталып, Төле би көшесі арқылы Абылай хан даңғылына, одан әрі "Алматы-2" вокзалы мен "Райымбек батыр" көлік-ауысу торабына дейін созылады. Жобаны 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 12:56