Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өмірді жасқа қарап шектемеу керек": 73 жастағы қазақстандық зейнеткер шпагатқа отырып, басымен тұрады

Роза ханым
Фото: Роза Бекмағамбетованың жеке мұрағатынан

Көп адам алпыстан асқан соң өзін егде жастағылар қатарына қосып, бұрынғы қарқынын біртіндеп бәсеңдете бастайтыны рас. Ал 73 жасқа таяған астаналық Роза Бекмағамбетова үшін жастың ұлғаюы – қозғалысты азайтатын себеп емес дейді. Жүрісінің ширақтығы, өз жасынан әлдеқайда жас көрінуі және өмірге деген қызығушылығы оның төлқұжаттағы жасымен қабыспайтындай. Ол шпагатқа оңай отырады, көпірше жасап, басымен тұрады, жаңа жаттығулар үйренуден де жалықпайды. Ең бастысы – мұның бәрін біреуге бірдеңе дәлелдеу үшін емес, өмірден ләззат алып, өзін сергек ұстау үшін жасайды екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

"Аллаға шүкір, осы жаста өзімді жеңіл әрі жақсы сезінемін. Жас ұлғайған сайын адамның белсенділігі міндетті түрде төмендейді дегенмен келіспеймін. Көп нәрсе адамның өз қолында. Қозғалып, өзіңе қызық нәрсені тауып, соны жалғастыра білу керек", – дейді Роза ханым.

Оның бұл ұстанымы күнделікті тіршілігінен-ақ аңғарылады. Роза ханым таңғы алтыда тұрып, әуелі бой жазып алады екен. Одан кейін жеңіл ас ішіп, спортзалға қамданады. Бір сағат өтпей жатып жаттығу залында жүреді. Бұл бір күндік әуестік емес, жылдар бойы қалыптасқан дағды. Қай күні болмасын, осы қалыптан жаңылмай, таңын қимыл-қозғалыспен қарсы алуға тырысатынын айтады.

Роза ханым
Фото: Роза Бекмағамбетованың жеке мұрағатынан

Өмірге құштарлық бала кезден басталады

Роза ханым Солтүстік Қазақстан облысындағы Өрнек ауылының тумасы. Ол жеті балалы ұстаздар отбасында өскен. Әке-шешесі балаларының білім алуына ерекше мән беріп, барлығын оқуға баулыпты. Кейін жеті баланың бәрі де жоғары білім алып, ұстаздық жолды таңдаған.

"Адамның мінезі бала кезден қалыптасады деп ойлаймын. Өмірге деген құлшыныс пен әр нәрсеге қызығу да сол шақта пайда болады. Есейгенде соны жоғалтпай, әрі қарай дамыту өзіңе байланысты. Маған ата-анамнан көрген тәрбие өмір бойы тірек болды", – дейді Роза Бекмағамбетова.

Ұзақ жыл мектепте еңбек еткен Роза ханымның ұстаздық тәжірибесі зейнетке шыққан соң да кәдеге жарағанын айтады. Бұрын оқушыларға сабақ берсе, бүгінде спортзалға келген жандарға жаттығудың қыр-сырын үйретіп, дене саулығын насихаттап жүр. Осылайша, мамандығы өзгергенімен, адамға білгенін үйрету оның өмірінен алыстамағандай ой туғызатыны рас.

Немере адамды да, мінезді де өзгертеді

Роза ханым кезінде география пәнінен сабақ беріп, кейін директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Жолдасы да білім саласынан алыс емес екен. Қазір 75 жастағы отағасы тарихшы, профессор, кезінде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек етіп, 6-7-сыныптарға арналған тарих оқулықтарын әзірлеуге атсалысқаны бар.

"Жолдасым екеуміз де мектептен зейнетке шықтық. Өміріміздің үлкен бөлігі мектеппен өтті", – дейді Роза Бекмағамбетова.

Роза ханым
Фото: Роза Бекмағамбетованың жеке мұрағатынан

Бүгінде ерлі-зайыпты үш қызынан тараған немере-жиендерінің қызығын көріп отыр. Үлкен қызы Петропавлда журналист әрі тележүргізуші болып еңбек етсе, екінші қызы бірнеше жыл шетелде білім алып, қазір Астанада қызмет етеді. Кенже қызы полиция саласында, шені майор.

"Мен бақытты әжемін. Немерелеріммен қарым-қатынасым өте жақсы. Өз балаларым кішкентай болғанда қаталдау болдым, ал немереге деген сүйіспеншілік мүлде басқа екен. Немерелер адамның өзін де, мінезін де өзгертеді екен", – дейді Роза ханым күліп.

Роза ханым
Фото: Роза Бекмағамбетованың жеке мұрағатынан

Спортқа деген қызығушылық та отбасына сіңіп үлгерген. Қыздарының бірі йогамен айналысса, немересі әжесінен үйренген қимылдарды қайталап, бүгінде гимнастикаға барып жүр.

Денсаулық үшін басталған йога

Роза Бекмағамбетова спортпен тұрақты түрде 62 жасында айналыса бастаған. Алайда екі жылдан кейін беліне ота жасалып, металл бекітпе орнатылды. Операциядан кейін ол қалпына келу үшін дәрігерлер нұсқаулығы бойынша йогамен айналыса бастайды.  

"Йоганы алғаш денсаулығым үшін бастадым. Дәрігерлер кеңес берген соң әртүрлі бапкерлерге барып, жаттығуларды үйрене бастадым. Қызығушылығым арта келе өзім де арнайы оқып, сертификат алдым. Белімде металл бекітпе тұрғанына қарамастан, міне, төрт жылдан бері сабақ беріп жүрмін", – дейді Роза ханым.

 

 

Қазір оның қимылына қарап, бірнеше жыл бұрын беліне күрделі ота жасалғанын аңғару қиын. Роза ханым шпагатқа оңай отыра алады, көпірше жасап, басымен тұрады, икемділік пен тепе-теңдікті қажет ететін жаттығуларды да еркін орындайды. Шәкірттері үшін оның осы ширақтығының өзі үлкен жігер береді екен.

"Осы жаста баспен тұрып, дененің мұндай икемділігін сақтау таңғалдырады. Аяғын жоғары көтеріп, құлақ тұсына дейін жеткізетін жаттығулары бар. Роза апайға қарап, өзімізге де талап қоя бастаймыз. Оның қимылын көргенде жасқа сілтеу қиындайды", – дейді шәкірттерінің бірі.

Шәкірттері мен жаңа тәжірибе

Бүгінде Роза ханымның сабағына әр жастағы адамдар келеді. Олардың арасында 40 жастан асқандар да, 66, 68, 70 және 75 жастағы шәкірттер де кездеседі. Ал кезінде оның тобында жаттыққан бес адам кейін өздері де йоганы кәсіпке айналдырып,  жаттықтырушы атаныпты.

"Кейбір шәкірттерім “сіз сияқты болсақ екен, сізге қарап бой түзесек екен” деп айтып жатады. Мұндай сөз, әрине, қуантады. Ал менен сабақ алған бес адамның бүгінде өздері бапкер болып жүргенін ерекше мақтанышпен айта аламын. Олардың әрі қарай дамып, өз жолын тапқаны мен үшін үлкен қуаныш", – дейді ол.

Роза ханым
Фото: Роза Бекмағамбетованың жеке мұрағатынан

Сабаққа келгендердің дайындығы әртүрлі болғандықтан, Роза ханым бәріне бірдей талап қоймайтынын айтады. Біреуі икемділігімен ерекшеленсе, енді бірі қарапайым қимылдың өзін біртіндеп қабылдайды екен. Сондықтан жаттығуларды адамның шамасына қарай өзгертіп, сабақтың бірсарынды өтуіне жол бермеуге тырысады.

"Кейде “аяғым ауырады”, “белім ауырады”, “жасай алмаймын” деп отыратындар болады. Ересек адамдар да кейде бала сияқты еркелеп кетеді. Мен ешкімді шамасынан артық қинамаймын, бірақ аз болса да қимылдап, өзінің қолынан келетінін байқап көрсе екен деймін. Сабақ қызық өтуі үшін жаттығуларды үнемі өзгертіп отырамын", – дейді жаттықтырушы.

Роза ханым
Фото: Роза Бекмағамбетованың жеке мұрағатынан

Роза ханым өзгелерге сабақ бергенімен, өзі де жаттығуды тоқтатпайтынын айтады. Қазір штанга-йога мен аэробикаға қатысып, жаңа қимылдарды меңгеріп жүрген көрінеді.  

"Өзім де үнемі жаттығуға барамын. Жаңа қимыл көрсем, үйреніп алуға тырысамын. Маған пайдалы тұсын кейін өз сабағыма қосамын. Бір орында тоқтап қалмай, үнемі жаңа нәрсе үйренген ұнайды", – дейді Роза ханым.

Былтыр йога оны спортзалдан тыс жаңа ортаға да алып шыққан. Бір жыл бұрын "Оян да қимылда" таңғы бағдарламасында жаттығу жүргізіп, талай көрерменді спортқа бауылған екен.

"Камера алдында аса қиналған жоқпын. Бұрын мектепте балаларды домбыра оркестрімен концерттерге апарып, көпшілік алдында өзін қалай ұстау керегін үйрететінмін. Сол тәжірибе көмектесті. Тек бұл жолы балаларды дайындаған жоқпын, камера алдына өзім шықтым", – дейді ол.

 

 

Қазір Роза Бекмағамбетова әлеуметтік желіде де белсенді. Парақшасында жаттығуларын, жаңадан меңгерген қимылдарын және спорттағы нәтижелерін бөлісіп отырады. Осылайша, денсаулық үшін басталған йога уақыт өте оның айналасына жаңа адамдар жинап, үнемі ізденуге жетелейтін өмір салтына ұласқан.

"Өмірді жасқа қарап шектемеймін"

Роза ханым денсаулықты сақтауда күрделі ережеден гөрі күн сайын қайталанатын қарапайым әдеттерге мән береді. Кешкісін шамадан тыс тамақтанбайды, күндіз көбірек су ішіп, ерте жатып, ерте тұруға тырысады. Осындай өмір салтын оның 75 жастағы жолдасы да ұстанады. Ол салауатты өмір салты орталығына барып, йога, Айкуне және пилатеспен айналысады екен.

"Үйдегі ағаң да денсаулығына қарап, түрлі жаттығуларға барып жүр. Меніңше, жасы ұлғайған адамдар үйде тұйықталып қалмай, осындай орталықтарға барып, денесін шынықтырып, қатарластарымен араласқаны дұрыс. Ара-тұра демалыс орнына, шипажайға барып, көңіл сергітіп тұрған да жақсы. Өмірді жасқа қарап шектемеу керек", – дейді ол.

Қарттар күні қарсаңында Роза ханым өз замандастарына да осы ойды жеткізгісі келеді. Оның түсінігінде белсенді ғұмыр тек спортпен өлшенбейді. Адамдармен араласу, өзіңе күтім жасау, жаңа нәрсеге қызығу мен күнделікті тіршіліктен қуаныш табу да соның бір бөлігі.

"Замандастарыма ең алдымен денсаулық тілеймін. Отбасыларыңыз аман болсын. Қарттықты күтіп отырмай, қолдан келгенше қозғалып, өзіңізге ұнайтын іспен айналысыңыз. Өмірге деген қызығушылық жоғалмаса екен", – дейді Роза Бекмағамбетова.

73 жасқа таяған Роза ханымның өз өмірі де осы сөздің дәлеліндей. Ол жасты тоқтайтын межеге емес, әлі де қозғалып, үйреніп, қызығып жүруге болатын кезең деп қабылдайды.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 01 Қазан, 2026 11:43