Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көпен Әмірбек: 65 жасымда ұлды болдым, бірақ бәйбішем мен тоқалымның арасы жақсы емес

Белгілі сатирик, журналист Көпен Әмірбек қазіргі қазақ қоғамы, сатира мен әзіл, отбасы мен жеке өмірі жайында сұхбат берді. 65 жасында ұлды болған азамат қуанышы мен өкінішін айтты. 

Бұл туралы Нартай Аралбаймен болған сұхбатта айтылды. 

Көпен Әмірбек БАҚ саласында екі рет президент сыйлығын алды. Журналистік қызметтен гөрі сатираға бет алғанын мойындайды. Әртістікті де, өнерді де сатираға алмастырмадым дейді өзі. 

“Мен оқу орнында жүргенде әртіс болып ойнадым. Өмірбек Жолдасбеков ағамыз талантты балалардың басын қосып, облыстарға жарыстарға жіберетін. 23 жасымызда оқуды бітірдік. Сол кезден бастап әртістігіміз де тоқтады. Себебі менің бар ойым әртіс болу емес, журналист болу еді. Соның ішінде сатира бағытын таңдадым да, бар ықыласым соған ауды. “Ара” журналын шығардық. Бір жылдары журнал тоқтап қалып еді, Иманғали Тасмағамбетов пен Мұхтар Құл-Мұхамедтің қолдауымен қайта шықты. "Ара - Шмель" журналында жауапты хатшы, Республиканың бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істедім. Бірақ биліктің дәмін татып, принципімнен айныған жоқпын. Себебі дәмін татып үлгермедім. Журналға қайта кетіп, дайын баспанадан да бас тартқан едім”, – деді сатирик. 



Көпен Әмірбек сатира толығымен шындықтан тұрады деп кесіп айтты. “Әзіл әлемді құтқарады” деген пікірде. 

“Қазақта серілік деген ұғым болды. Сері келгенде оны аста-төк күтіп алады. Малын сояды. Қонақ етеді. Сері көптің көңілін көтереді. Ән айтады. Оған тай мінгізіп құрмет көрсетеді. Қазіргілер серіліктің міндеті оңай екен деп қалды. Серілікті секске ауыстырып жіберді. Серілік деген талант. Қазіргілер сері емес”, – деді Әмірбек. 

Сатирик болашағын түс арқылы көріп отыратынын айтады. 

“Менің өмірімде ең бірінші рет көрген түсіме дейін есімде. Ең бірінші рет мектепке баратын кезде түс көрдім. Аспанда қалықтап ұшып жүр екенмін. Кейін оқуға түсерде түс көрдім. Бірінші пойызға кешігіп, екінші пойызға отырыппын. Сол жылы оқуға түсе алмай, келесі жылы түскен едім. Осындай маңызда оқиғалар боларда алдын ала түс көремін. Сол арқылы бәрін біліп отырамын. Қай кезде қиналамын, қай кезде оңаламын, қай кезде ауырамын, қашан жазыламын, бәрін түсімде көремін”, – деді ол.

Көпен Әмірбек 65 жасында ұлды болды. Екі әйелі бар. Алайда бір шаңырақ астында тұрмайды. 

“Бірде менен сұрады. Елбасы қала салды, сіз ел игілігі үшін не жасадыңыз деп. Елбасы қала жасаса, мен бала жасадым дедім. Содан бұл әңгіме тарады. 65 жаста ұлды болам деп ойлаған жоқпын. Бастапқыда жасырып жүргенбіз. Кейін бәріне белгілі болды. Екінші әйелім 35 жас кіші. Бәйбішем екеуі бір шаңырақта тұрмайды. Бәйбішем қарсы болды. Қазақ әйелдері екінші әйелге рұқсат етуге дайын емес қой. Бастапқыда қарсы болады. Бізде де солай. Реніші басылар деген үміт бар. Кезінде Абылай ханның да 70 баласы болған деген дерек бар ғой. Абылай өзінің тегін адам емес екенін біліп, ұрпағын көбейткісі келген. Жалпы бала сүю бұл ұрпағыңды ойлаудан туады”, – деді сатирик. 

Көпен Әмірбеков бүгінде дін жолында жүргенін айтады. Дін жолында адам жақсыдан емес, жаманнан тыйылады деді ол. 

“Дін менің шығармашылығыма кесірін тигізбейді. Керісінше жамандықтан, ғайбаттан, күнәдан тыйыласың. Ал шығармашылыққа кесірі жоқ. Сатира діннің құрбанына айналуы мүмкін емес”, – деді Көпек Әмірбек мырза. 

Талқылау