Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көмектесіңдер": Ақтөбеде балаларын лас пәтерде ас-сусыз ұстаған әйелдің әрекеті әшкере болды

Ақтөбеде үш баласын лас пәтерде ас-сусыз ұстап келген әйелдің әрекеті әшкере болды. Үйінде балаларын ұрып, жиі шу шығаратын келіншектің үстінен полицияға көршілері арызданыпты. Тәртіп сақшылары сол кезде ғана алды алтыншы сыныпта, ал кішкенесі небәрі төрт ақ жастағы балалардың адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқанын анықтаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеп хабарлайды.

Полицейлер түсірген видеодан үш кішкентай баланың қандай жағдайда өмір сүргенін көруге болады. Тазалық мүлдем сақталмаған аядай пәтерде тіпті адам отыратын жер, жататын төсек те жоқ. Оның үстіне балардың ішерге ас, киерге киімі де болмаған. Күнде үйінде шу шығарып, балаларына маза бермейтін әйелдің әрекетінен шаршаған көршілері ақыры полиция шақыртыпты. Сөздерінше, күнде көмек сұрап айқалаған кішкентай баланың дауысы шығады екен. 

“Тек "көмектесіңдер" деп айқайлайды. Сенесіздер ме, төрт жастағы бала жанұшырып жылайды. Артынан айқайлаған әйелдің дауысын естиміз. Басқа балалардың дауысы шықпайтын”, – дейді көршісі Раиса Занкова. 

Көршілері бұл отбасының осы пәтерге тек 3-4 күн бұрын ғана көшіп келгенін айтады. Қазір үш бала Ақтөбедегі қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына берілді. Ал анасы психологиялық диспансерге ем алуға жатқызылыпты. Балалармен орталықтың мамандары жұмыс істеп жатыр. Білім басқармасындағылар бұл отбасы мектептің бақылауында тұрғанымен, бұрын-соңды мұндай жағдай анықталмағанын айтады. 

“Бұл отбасы мектептің бақылауында тұрған отбасы. Қазіргі таңда каникулдық уақыт. Анасы бұған дейін мектептің барлық шаруасымен айналысқан, балаларының тәрбиесі, тәртібі, оқуымен айналысып, хабарласып тұрған”, – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева.

Жалпы елімізде жылына балаларына қамқорлық, тәрбие бере алмайтын екі мыңға жуық отбасы ата-аналық құқынан айырылады екен. Ал Ақтөбе облысында тек осы жылдың басынан бері 14 отбасының балалары мемлекеттің қарауына өткен. Мамандар мұндай балалардың өзге отбасылардың асырап алуына берілмейтінін айтады. Дегенмен елімізде бала асырап алу кезегіде тұрғандардың саны мыңнан асады. 
 

Талқылау