Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көліктер, төрт вилла, бренд сағаттар: Қайрат Сатыбалдыұлының тағы 50 миллиард теңгеден астам активі мемлекетке қайтарылды

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Қайрат Сатыбалдыұлының тағы 50 миллиард теңгеге жуық активі мемлекет меншігіне өткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: the-village-kz.com/видеодан скрин

Ведомство Қайрат Сатыбалдыұлының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімінің шарттарын орындау бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл активтердің жалпы сомасы бағалауды ескергенде, 50 млрд теңгеден асады. Бүгінде 18 млрд теңгенің активтері қайтарылды. 

“Олардың қатарында Алматыдағы 2 ірі бизнес орталығы, коммерциялық жылжымайтын мүлік және Астананың беделді ауданындағы элиталық үй бар. Сонымен қатар жүздеген миллион теңгеге эксклюзивті зергерлік бұйымдар, брендтік сағаттар, коллекциялық монеталар және басқа да сәнді бұйымдар (көлемі 174 атау бар), Біріккен Араб Әмірліктерінен жалпы құны 192 млн теңгені құрайтын Rolls-Royce Cullinan және Aston Martin маркалы көліктер түріндегі активтер мемлекетке қайтарылды”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Қайрат Сатыбалдыұлын тінту барысында алынған 95 мың АҚШ доллары Арнайы мемлекеттік қорға аударылды.

“Жалпы сомасы 33 млрд теңгені құрайтын Қ.Сатыбалдыұлы мен оның жақындарына тиесілі шетелдік мүліктің тапсырылуы аяқталу сатысында. Оларға: Дубай қаласындағы құны 20 млрд теңге тұратын екі бағалы вилла; Францияның Көкшіл жағалауындағы құны 4 млрд теңге тұратын төрт элиталық пәтер; құны 5 млрд теңге тұратын Ресейдің Мәскеу қаласындағы беделді тұрғын үй кешендеріндегі 15 жылжымайтын мүлік; құны 4 млрд теңгеден астам Түркияның Бодрум және Стамбул қалаларындағы екі элиталық вилла және пәтер жатады”, – делінген хабарламада.

Осылайша Қайрат Сатыбалдыұлы 2,5 жыл ішінде мемлекетке 783 млрд теңгеге активтерді қайтарды.

Еске салайық, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сатыбалдыұлының мемлекетке қайтарылған мүліктерінің тізімін жариялаған еді. 

Талқылау