Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көліктер мен кәсіпорындарды өртеп жіберген": Түркияда сириялық босқын 7 жасар қызды зорлағаннан кейін этникалық қақтығыс басталды (видео)

Демалыс күндері Кайсери провинциясында базардағы қоғамдық дәретханада сириялық босқын жеті жасар туысын зорлаған. Зорлық-зомбылық туралы хабар желіде лезде тарап, соңы жаппай қақтығысқа ұласты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: CNN

Қазір 27 жастағы сириялық жігіт ұсталып, қамауға алынды. Ал Түркияның орталығындағы Кайсери қаласының тұрғындары сириялық босқындар тұратын және жұмыс істейтін ауданды қиратты. Ашуға булыққан олар тәртіпсіздікке бой алдырып, Анадолы қаласында көліктер мен сириялық кәсіпорындарды өртеп жіберді.

"Аталған факті бойынша тергеу басталды. Алайда осы аймаққа жиналған азаматтарымыз заңсыз әрекет етіп,  құндылықтарымызға сай келмейтін позицияны ұстанып, Сирия азаматтарының үйіне, жұмыс орынына және көлігіне зақым келтірген", – деді Түркияның ішкі істер министрі Али Йерликая. 

Оның айтуынша, ондаған адам ұсталып, жиналған жұрт таратылды. Кайсеридің жергілікті губернаторы халықты "сабырлы түрде, парасатты әрекет етуге" шақырды. Түркия президенті Ердоған оппозициялық партияларды айыптап, олардың кейбірі шамамен 3,6 миллион сириялықты елден қуғанын айтты. Ердоған сириялықтардың отбасына аман-есен оралуына жағдай жасайтынын жеткізді. 

"Елімізде ксенофобия мен босқындарға деген жеккөрушілік өршімеуі керек. Өйткені бұл оң нәтиже бермейді", – деді Ердоған.

Кайсеридегі толқулар Сирияда да кері реакция тудырды. Қазір түріктердің бақылауындағы Атареб қаласында сириялықтар түрік әскерінің тұруына қарсы ұрандатып, бронды көлікке зат лақтырып, Түркия туын өртеп жіберген. Әскерлер жиналғандарды тарату үшін граната қолданып, аспанға оқ жаудырған. 

"Түркиямен шекарадағы Баб ас-Салама өткелінде түрік туы алынып, өртеніп, оның орнына Еркін Сирия армиясының туы қойылды", – делінген хабарламада.  

Дүйсенбі күні кешке Сирияның солтүстігінде бірнеше интернет-провайдерлер үзілді. Тек спутниктік интернет жұмыс істеді. Сириялық оппозицияны білдіретін ең үлкен топ, Сирия революциясы мен оппозициялық күштерінің ұлттық коалициясы шекараның екі жағындағы сириялықтарды "ұстамды болуға" шақырды.

Ерликая боттар мен арандатушылар әлеуметтік желілерде алауыздық тудырғанын айтты. Ол Кайсеридегі оқиға туралы бөлісетін аккаунттардың үштен бірінен астамы X боттар екенін және 10 аккаунт прокуратураға жіберілгенін хабарлады.

"Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретіндерге, арандатушы жазбаларды жариялауға немесе араздықты қоздырушыларға қарсымыз", – деп жазды ол.

Түркия басқа елдерге қарағанда сириялық босқындарды көбірек қабылдайды. Ал көптеген сириялықтар түріктерді нәсілшілдік танытады деп айыптайды. 

Талқылау