Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көлігіме телефонын қалдырып кетті": Біржан Хасанғалиев жұбайымен қалай танысқанын айтты

Танымал композитор, әнші Біржан Хасанғалиев алғаш рет отбасы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Менің өмірім” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: https://www.instagram.com/birjan_khassangaliev/

Әңгіме арасында марқұм әкесі Ескендір Хасанғалиевті де еске алды.

“Отбасы ретінде өте бақытты жанұямыз. Менің көпке дейін үйленбей жүруіме халық болып алаңдап еді. Тіпті марқұм әкемді көрген кезде: "Есағаңның баласы қашан үйленеді?" деп сұрайтын. Мен 33 жасымда отбасын құрдым. Жұбайым Ақмаржан – дәрігер. Мықты маман. Әзірше 3 баламыз бар. Алла тағы берсе, қуана қабылдаймыз. Екеуі әзірге өнер жолында жүр. Кім болатынын болашақ көрсетер. Мамандық таңдау жағынан мен қысым көрсетпеймін. Өздері біледі. Үлкен қызым – 5-сыныпта, ортаншы ұлым 2-сыныпта оқиды", – дейді жұлдызды әке. 



Сонымен қатар өнер иесі жұбайымен қалай танысқанын да айтып берді. 

“Бір көргеннен ғашық болдым деп айта алмаймын. Мамандығы дәрігер болса да, студент күнінде журналда тілші болып жұмыс істеп жүр екен. Бір күні редакция атынан маған хабарласты. Сұхбат алғысы келетінін айтты. 10 минут уақытым бар, сұрақтарыңа жауап берейін дедім. Көлікте отырып, сұрақтарына жауап бердім. Бәрін диктофонға жазып алды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін көлігімнен таныс емес телефонның даусы шығып жатыр. Тұтқаны көтерсем, ол қыздың анасы екен. “Қызым телефонын қалдырып кетіпті” деді. Сосын кездесіп, телефонды бердім. Нөмір алмастық. Танысқаннан кейін екі жылдан кейін үйлендік. Мінезі ашық. Қызылорданың қызы. Бір жағынан медицина саласында оқып жатты. Өйткені менің анам да елу жылдан астам медицина саласында қызмет етті. Сондықтан мен де ойланып қалдым. Аллаға шүкір, отау құрғанымызға 13 жыл болды”, – дейді өнер иесі. 

Талқылау