Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда шетелдік азамат саябақты өртеймін деп өзі тірідей жанып кете жаздады

Шетелдік саябақ өрт
Фото: Видеодан скрин

Көкшетауда шетелдік азамат 12 маусымға қараған түні Абылай хан алаңындағы саябақ мүлкін өртемек болған. Алайда өзі ауыр жарақат алып, жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желіде оқиға болған сәтте түсірілген видео тарады. Видеодан өртті байқауға болады. Сондай-ақ ер адамның жанайқайы естіледі. 

Оқыс жағдай мемлекеттік мекемелер ғимаратының жанында болған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері жедел жетті. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ер адам мас күйде болған.

Полиция қызметкерлері өртті сөндіріп, жедел жәрдем келгенге дейін зардап шеккен ер адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті. 

"Шетел азаматы мас күйде саябақ мүлкін өртемек болған, алайда салдарынан өзі ауыр жарақат алды", - деп хабарлады Ақмола облыстық полиция департаменті.

Зардап шеккен адам Ақмола облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1988 жылы туған ер адам ауыр дәрежедегі күйік алған.

"1988 жылы туған ер адамның денесінің 95%-ы күйік шалған. Ол жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда жатыр. Емдеу тактикасы күйік саласындағы мамандармен бірлесіп анықталуда", – деді дәрігерлер.

Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. 

“Бұған дейін де бұл ер адам қоғамдық орында алкогольдік мас күйде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының дерегінше, ол бұған дейін бірнеше рет қоғамдық тәртіпті бұзған”, – деп қосты полиция.

 Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы, шетел азаматының әрекет ету себептері және келтірілген залалдың мөлшері анықталып жатыр.

Айым Болатқызы
Сенбі, 13 Маусым, 2026 11:50