"Қоқысты жерге көме салу, таудай қылып үйіп қою әдетке айналған": Премьер-министр қалдықты қайта өңдеп, кәдеге жаратуды ұсынды
Олжас Бектенов елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселесі сол күйі толық шешімін таппағанына көңілі толмайды. Көп өңірде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Үкімет
Премьер-министрдің сөзінше, оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болып, оларды жою мәселелері уақытылы шешілмей келеді.
“Бұл өңірлердегі экологиялық жағдайға айтарлықтай нұқсан келтіреді. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыс қалдықтарын қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратады. Ал бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды”, – дейді премьер.
Бұл елдімекендердің көркін бұзғанымен қоса, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді.
“Сонымен қатар тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелері де шешімін таппай отыр. Олардың қаупіне жіті мән берілмейді. Аталған проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеу қажет. Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді”, – .
деп ашуланды Бектенов.
Оның сөзінше, кәсіпорындардың көбі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады. Ал қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандар аз.
“Бүкіл әлемде қоқысты қайта өңдеу табысты бизнеске айналған. Біз де бұл бағытта замана көшінен қалмауға тиіспіз”, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін премьер-министр азық-түлік бағасын көтермей ұстап тұруды тапсырған еді.