"Көкіректі кесіп, аяқтан төрт тамыр алып жалғады": Сәбит Әбдіхалықов денсаулығына алаңдаған жұртқа алғыс айтты
Белгілі актер, сатирик Сәбит Әбдіхалықов кейінгі кезде денсаулығы сыр беріп, ауруханаға жиі түсіп жүргенін жасырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Бағдарламадан скриншот
Тамашаның тарланы БазарLike бағдарламасында сұхбат беріп, өмірі мен өнеріндегі соңғы жаңалықты бөлісті.
“2016 жылы инфаркт алдым. Сол дертпен әлі күресіп келемін. Жүрегіме 4 жылда 5 стент қойдырдым. Инфаркт кезінде 99 пайызға дейін тамыр бітеледі. Инфаркт болғанда қазір жап-жас жігіттер қайтыс болып кетеді ғой. Солар "көкірегі ауырды деп оянбай қалды, жүріп кетті" дейді. Құрметті көрермендер, көкірек тұсы ауыра бастаса, оған мән беріңіздер! Жедел жәрдем күтпей, өздерің-ақ ауруханаға жүгіріңдер! Менің жағдайымда көкіректі кесіп, жүректі демалтып, жуып-тазалап, ішіндегі жаман нәрселерді алып тастап, аяқтан төрт тамыр алып жалғады. Сөйтіп қайта жауып қойды. Құдайға шүкір, қазір күтіну керек. Осы күнге дейін мән бермей, күтінбей жүре беріппін. Бір өлімнен аман қалдым", – деді актер.
Сонымен қатар сатирик жүрегін ауыртатын сұрақтың бірі жеке өміріне қатысы барын айтып, ол тақырыпқа тоқталғысы келмейтінін ескертті.
“Жеке өмірімді талқылағым келмейді. Жеке өмір ол тек менікі. Оны елмен бөлісіп, талқылағанды қаламаймын. Шығармашылық, әдемі өмір жайында сырласуға болады. Жеке өмірім туралы сұрақ басталса, орнымнан тұрамын да, кете беремін. Халық қызықса, қызықсын енді. Әркім өзі біледі. Кейбірі ашып айта береді. Бірақ менің ұстанымым басқа. Мен жеке өмірім туралы айтпаймын, айтқан да емеспін", – деді тамаша тарланы.
Айта кетейік, денсаулығы сыр берген актер бірінші некесінен туған ұлы Асылжанның бағып жатқанын айтқан еді.