Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қоғам белсендісі Атырауда сәләфилік бағыттағы "Ұлттық қыздар мектебі" ашылғанын мәлімдеді

Блогер, қоғам белсендісі Нұргүл Мукушева Адырна порталына Атырауда "Ұлттық қыздар мектебі" дейтін сәләфилік бағыттағы жаңа мектеп ашылғанын жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Фото: Adyrna.kz 

“Мектепке Атырау өңірінің тұрғыны Жолмұханова Жұмазия басшылыққа тағайындалған. Ең сорақысы мектеп директоры Жолмұханова Жұмазияның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз Қанкерейқызы мен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019-жылы екеуі де қаза тапқан”, – дейді блогер. 

Ол сондай-ақ, сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары кімдер екенін білсеңіздер, төбе шаштарыңыз тік тұрады, деп жазған. 

“Бұлар нағыз сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екен. Айтпақшы Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-шы "Бопсалау" бабымен сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылыпты. Бәріміз білетіндей сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта сабақ берулеріне түбегейлі қарсы”, – дейді ол. 

Қоғам белсендісінің айтуынша, олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізулерін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы.

“Сәләфилердің негізгі мақсаты деструктивті діни идеологияны мектеп қабырғасында еркін жүргізуге мүмкіндік алу. Сонымен қатар,осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, яғни қатарларын көбейту қаупі бар және бұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады”, – дейді ол. 

Нұргүл Мукушева Оқу-ағарту министрі Асхат Айтмағамбетовтен Әділет министрлігінде тіркелген ұлттық емес "сәләфилік қыздар мектебіне" лицензия берілмеуі мен тез арада жабылуына ықпал етуін сұрайды. 

Осы ақпарат бойынша Атырау облыстық білім басқармасы пікір білдірді. 

“Аталмыш жеке ұйымға өкілетті органдардан лицензия берілмегендігін хабарлаймыз. Қазіргі таралған ақпарат негізінде тексеру жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Айта кетейік, Қазақстан зайырлы мемлекет болып саналады және барлық ұйымдар, соның ішінде жеке білім беру ұйымдары да қолданыстағы заңнаманы сақтауға міндетті”, – делінген хабарламада. 

Талқылау