Қызылорда облысында екі жасөспірім суға батып кетті
Төтенше жағдайлар министрлігі Қызылорда облысында екі бала Сырдария өзеніне батып кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Балалар жабдықталмаған жерде суға түсу кезінде суға батып кеткені хабарланды.
Жергілікті 112 құтқару қызметіне кеше, 1 маусым сағат 18:27-де Қызылорда қаласы маңындағы "Ягодка" саяжайында дарияға суға түсіп жүрген 2008 және 2009 жылғы екі жасөспірім суға кеткені жөнінде хабар түскен.
"Оқиға орнына жедел құтқару жасағының құтқарушылары жедел жетіп, су асты іздестіру жұмыстарына кірісті. Нәтижесінде алдымен 2009, одан кейін 2008 жылғы жасөспірімнің мәйіті сыртқа шығарылып, ата-аналарына табысталды. Олардың 2-уі де Қызылорда қаласы Н.Ілиясов атындағы № 9 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушылары екені анықталды", — деді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағы.
Төтенше жағдайлар министрлігі барлық азаматтарды суда өзін-өзі ұстау ережелерін сақтауға шақырады, бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға болмайтынын хабарлайды.
Еске салайық, 5 мамырда Шығыс Қазақстан облысында 2 жасар бала суға батып кеткенін жаздық. Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды сұрайды.