Қызылордалық криминалист өңірде қылмыстық істер қалай ашылатынын айтты
Криминалистика – құқық қорғау органдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бұл сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Оқиға орнында айғақтарды жинап, зерттей отырып, криминалистер күдіктіні құрықтауға сеп болып, артынша оның кінәсін дәлелдеуге көмектеседі. Stan.kz тілшісі криминалистен қылмыстық оқиғалар қалай ашылатынын сұрап білді.
26 жастағы Досбол Махашов қазіргі таңда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел криминалистика бөлімінің криминалисті болып абыройлы қызмет атқаруда.
"Криминалистика – қылмыстың себебін, қылмыскердің ойы мен психологиясын зерттейтін ғылым. Сондай-ақ оқиға орнында тергеушінің ең бірінші көмекшісі де – біз. Тергеушіге мән-жайды жеткіземіз. Ең басты міндетіміз – дәлелдемелер жинап, қылмысты ашу. Ал жүргізетін жұмысымыз зерттеу", – дейді Досбол Асылбекұлы.
Расымен, қылмыстық істі ашуға криминалистін берген мәліметі аса маңызды. Мысал ретінде криминалист бір оқиғаны келтірді.
“Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында пәтер ұрлығы орын алып, жәбірленуші тараптан шағым түскен. Белгісіз біреу есіктің ашық тұрғанын пайдаланып, диван үстінде жатқан қымбат телефонды қолды қылған. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қылмыскер қолға түсті”, – дейді ол.
Тергеу кезінде негізгі маңызды мәліметті Досбол Асылбекұлы анықтаған.
"Бұл қылмыс 2018 жылы орын алған болатын. Тергеу тобымен оқиға орнына жеттік. Бөлмелерге алдымен визуальды қарау жүргізіп, өзгерістердің орнын алғанын байқадым. Пәтер ішінен алты дана саусақ іздері алынды. Бұл үшін үйдегі барлық есік тұтқалары өңделді. Саусақтарды криминалистік базаға салғанымызда, күдіктіні анықтадық. Қажырлы еңбектің арқасында қылмысты із суытпай, ашу мүмкін болды", – дейді полицей.
Досбол Махашов криминалист-маманның тікелей кәсіби біліктілігінің арқасында ашылған тағы бір қылмыстық іс туралы айтып берген болатын. Өткен жылы облыс орталығындағы кафелердің бірінің алдында төбелес болады. Үш азамат бір жігітті ұрып, оқиға орнынан "LADA" автокөлігі арқылы қашады. Бағдар бойына полиция қызметкерлері машинаны назарға алғанда, күдіктілер жол көлік оқиғасын жасайды. Үш азамат дереу көлікті тастай сала, жан-жаққа қашады. Оқиға орнында криминалист жұмыс жасап, тергеушіге нақты ақпарат береді.
"Көлік ішінен 30 адамнның қол ізі алынды. Автокөлік есіктерін арнайы Рубин ұнтағы арқылы өңдедік. Алынған саусақ іздерін криминалистік базаға салған кезде, күдіктілерді анықтап, уақытында құрықтадық. Қазір криминалистика саласында заманауи құрал-жабдықтар пайдаланылады. Бұл ретте мемлекет үлкен қолдау білдіріп отыр", – дейді Досбол Асылбекұлы.
Айта кету керек, Досбол Махашов – әке жолын жалғаған қызметкер. Асылбек Шоматов көп жыл құқық қорғау органында абыройлы жұмыс жасаған азамат. Бүгінде зейнетте. Досболдың сүйікті жары да полиция сержанты болып мамандандырылған күзет қызмет басқармасында еңбек етіп келеді.
"Менің ойымша, криминалистің үш қаруы бар. Ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек", – деді жас полицей.
Биыл тәртіп сақшысы үшін табысты жыл болды. Досбол Махашов капитан шеңін алды. Сонымен қатар, "Жедел криминалистика саласына - 100 жыл" мерекелік төс белгісімен марапатталды.