Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұсаукесер" рәсімі ауруханада өтті: Қызылордада дәрігерлер бадам жаңғағының кесірінен өлім аузынан қалған баланы құтқарып қалды

Қызылорда облысының ауруханасында бір жасар науқас баланың “Тұсаукесер” рәсімі өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Қызылорда облыстық балалар ауруханасы

Дәрігерлердің айтуынша, бір жасар бала жазатайым оқиғадан кейін ауруханаға ауыр күйде түскен. 

“Анасының айтуынша, сәби үйінде бадам жаңғағын жеп отырғанда шашалып қалған. Жаңғақ кеңірдегіне түсіп, тыныс алу жолын бітеп тастаған. Сөйтіп бала тыныс ала алмай тұншыға бастайды. Сондай-ақ сатурациясы төмендеп, жүрек соғуы әлсіреген”, – дейді дәрігерлер. 

Сәбиді кезекші реаниматолог-анестезиолог Игорь Михайлович Самсонов пен хирург Самат Сайлайұлы Шуахбаев құтқарған. 

“Олар шамамен бір сағатқа созылатын шұғыл техникалық жағынан күрделі ота жасады. Баланы өлімнен арашалап қалды. Қазір жағдайы жақсы", – дейді дәрігерлер.

Осыдан кейін ата-анасының өтініші бойынша балаға ауруханада “Тұсау кесер” рәсімі жасалған.

"Баламыздың тұсауын Самат Сайлайұлының кескенін қаладық. Бауыр етімді құтқарған дәрігерлерге осылай құрмет көрсеткім келді. Біз үшін де бұл –  үлкен абырой", – дейді баланың анасы.

 

Талқылау