Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысы әкіміне «ханның қызысың ба?» деген белсенді сотқа тартылды

Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықоваға "ханның қызысың ба?" деп дүрсе қоя берген белсенді істі болды. Оның атына арыз түсіп, жауапқа тартылды. Белсенді Сандуғаш Тұрлыбекованың атына көршісі арыз жазған. 

Көршісі Ғалия Бекмұхамбетова Сандуғаш Тұрлыбекованың атына арыз жазады. Тұрлыбекованың айтуынша, бұл 28 шілде күні болған оқиға. 

"Мен Жаңақорғанда екі қабататты ескі үйде тұрамын. Су мен дәретхана сыртта. Үйге су кіргізу мәселесі бойынша жеңгем екеуміз сөйлесіп тұрғанбыз. Көршім жанымыздан өтіп бара жатып, аузына келгенін айтты. Жай тұрған бізді балағаттады. Кейін полиция шақырып, мені балағаттады деп арыз жазыпты. Біз тіпті онымен ұрысқан да емеспіз. Ол жерден асығып кетіп қалған едік", - деді Сандуғаш Тұрлыбекова Мәлім кз сайтына берген жауабында. 

Сандуғаш сотта әкімшілік кодекстің 434-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 38892 теңге айыппұл төлеген. Жеңгесі Ақсәуле Жайдархановаға 9 мың теңге айыппұл салады. 

Сандуғаш Тұрлыбекова 36 жастағы көп балалы ана.

"Көп балалы аналар проблемасын айтып жүріп, елге ұрысқақ әйел ретінде танылдым. Екі жылдан бері қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрмін. Мені жақтар 20 көп балалы ана шықты. Бірақ сот біздің сөзімізді ескермеді", - деді айыпталушы.

Қазір өзіне адвокат іздеп жатқан жайы бар. Сотқа апелляциялық шағым түсірмек. 

"Облыс басшысына "Ханның қызысыз ба?" дегенім үшін істі болып жатқан жоқпын ба деген сұрақ пайда болды", – дейді Сандуғаш.

Айта кетейік, Тұрлыбекова Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованы жолдарды жауып тастадыңыз деп айыптады. "Ханның қызысың ба? Неге жолдарды жапқызасың?", - деп дүрсе қоя берді. 

Ал, Әбдіхалықова ешкімге жолды жабуға тапсырма бермегенін айтып ақталды.

Талқылау