Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыздар арам екенсіңдер": Қазақ жігіттері 8 наурызда тарту еткен сыйлықты сатып жіберген аруларға ренішін айтты

Жігіттердің соңғы ақшасына алған гүлі мен сыйлығы, ең бастысы көңілі көп қызға көк тиын секілді. Өйткені арулар алған заттарын қайтадан сатып жіберді. Кеше ғана 8 наурыз – халықаралық әйелдер күнін мәре-сәре болып атап өтіп, әлеуметтік желідегі парақшалары қымбат гүлдің суреттеріне толып еді. Алайда келесі күні-ақ гүлдердің жартысы қоқысқа, “жедел түрде сатылады” жазбасымен сауда-саттық сайтына шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото әлеуметтік желіден алынған

Гүл сыйламасаң ренжитін қыздарға енді жігіттер өкпелі. 8 наурыз күні берілген гүлдер, сертификаттар және тағы басқа құнды сыйлықтар онлайн платформаларда төмен бағада сатылған. 

"Жігіттер, мына ОLX-ті бір ақтарып қараңдар. Арасында таныс гүлдер шығып қала ма? 14 000 теңгенің гүлін 7 000 теңгеге сатып жатыр. "Обидно, обидно"... Қыздар арам екенсіңдер. Мынаны қара, 12 000 теңге деп тұр. Мұны бір бала кеше 43 000 теңгеге алды", – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

60-70 мың теңге тұратын 101 раушан гүлі небәрі 5 000-20 000 теңге аралығында сатылған. Тіпті бағасын келісеміз деп жазып қойған. Кейбір қыздар мойындап, "жаңа ғана алдым, гүлдің жағдайы жақсы" деп жазған. 



Тосынсый жасап, соңы бұлай болады деп ойламаған жігіттер гүл сатумен доғара ма десек, қыздар қауымы сертификаттарды да саудаға шығарып үлгерген. Жарнамаларға қарасақ, сатудың екі себебі бар екен. Оны мойындап жазып қойғандар да бар.

Біріне шұғыл ақша керек болса, енді біреуіне сыйлық ұнамапты. 

Ал хит болған шоколодқа малынған құлпынайды жасай алатын қыздар, осы күні кәсіп ашты. Дегенмен саудасы жүрмей қалған кәсіпкерлердің тәттісі қоқыстан бір-ақ шықты. 

“Мұндай сатылымдар кейінгі уақытта жиілеп кетті. Заман өзгерді ме әлде адам өзгерді ме? Тек мерекеде емес, туған күнде, өзге де қуаныштарды тарту-таралғылар аяқ астында жатқаны жанға батады. Ал сыйлыққа келген дүниені басқа біреуге сыйлау – сүннет. Егер солай жасаса, мұның жөні бөлек екен”, – деді жігіттер.

Талқылау