"Қыздың психикалық ауытқуы болуы мүмкін": Жанқош Тұраровтың адвокаты боксшының Әнару Құрманәліні танитынын растады
Алматыда боксшы Жанқош Тұраровтың адвокатының ұйымдастыруымен баспасөз мәслихаты өтті. Боксшының қорғаушысы Самат Мамутов қорғауындағы адамға тағылған айыптардың барлығын жоққа шығарып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Коллаж Stan.kz
Адвокаттың айтуынша, Әнару Құрманәлі айтқан ақпараттың бәрі жалған.
“Құрманәлінің бұлай жасауына қатысты бірнеше нұсқаны қарастырып жатырмыз. Олардың бірі ауру немесе психикалық бұзылыс, екіншісі – танымал болу үшін хайп жасау немесе біреудің тапсырысы. Басқа факторлар болуы да мүмкін”, – деді Мамутов.
Мамутовтың айтуынша, 20 тамызда қыз ақпаратты жария етпеу туралы құжатқа қол қойған, бірақ соған қарамастан ол БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, шартты бұзған.
"Бұл мәселені сот арқылы шешеміз. Егер қыздың айтқанының бәрі өтірік болып шықса, іскерлік беделге нұқсан келтіргені үшін сотқа береміз", – деді ол.
Адвокат Жанқош Тұраровтың Құрманәліні танитынын растады. Бірақ олардың қандай қарым-қатынаста екенін ашып айтпады.
- “Әңгімелері мүлдем қызық емес“. Жанқош Тұраров Әнару Құрманәлінің сұхбатына қатысты мәлімдеме жасады
"Екеуі бір-бірін әлеуметтік желі арқылы таниды. Бірақ қандай хат-хабар алмасқанын білмеймін. Тұраровтың қызға құзырлы органдардан арызын қайтарып алу үшін ақша ұсынғаны туралы ақпарат та шындыққа жанаспайды. Егер кінәсі болмаса, не үшін ақша ұсынады. Сіздерге қылмыстық іс материалдарынан ешқандай ақпаратты ашық айта алмаймын, өйткені біз жария етпеу туралы құжатқа қол қойдық", – деді адвокат.
Жанқош Тұраровтың адвокаты Әнару Құрманәлінің полицияға тексеру үшін бірнеше рет арыз бергенін айтты.
“Арызданушы Әнару Құрманәліге байланысты интернетте тараған бейнематериалдар бойынша тергеу жүргізуді сұрап, полиция бөліміне хабарластық. Тиісті сұраныстар жіберілді. Егер бұл деректерде сенімді дәлел табылса, құқық қорғау органдары бізге жауап береді”, – деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, интернетте тараған видеоматериалдарға және басқа да мәліметтерге сәйкес, арызданушы Әнару Құрманәлі 2024 жылдың 19 тамызында сағат 22.00-де Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне мас күйінде арызданған.
"Ол жерде Әнару басқа адамдармен жанжалдасып, балағат сөздер айтқан. Сондай-ақ ол жартылай жалаңаш күйде болған. Осы мәселе бойынша полицияға сұраныс жіберілді. Аталған мәліметтерді тексеріп, полиция ғимаратындағы бейнебақылау камераларынан видеоға түсіріп, іске тіркеп, тексеру жүргізіп, оған құқықтық баға беріп, жаза тағайындап, тергеушіге арыз бердік. Осы деректер негізінде қайтадан тексеруге өтініш берілді. Деректер расталғаннан кейін іс бойынша сот-психологиялық және наркологиялық сараптама жүргізу туралы ұсыныспен өтініш берушіге хабарласамыз. Бізге оның психотроптық заттарды қабылдағаны туралы ақпарат келіп түсті”, – деді Мамутов.
Баспасөз мәслихатында Жанқоштың өзі болмаған. Боксшының өкілдерінің айтуынша, ол қазір 28 қыркүйекте Алматыда өтетін жекпе-жекке дайындалып жатыр. Алайда адвокат Жанқош қыздың барлық айыптарын толығымен жоққа шығарып, өзін кінәсіз санайтынын айтты. Ол журналистерден тергеу нәтижесін күтуді сұрады.
Сондай-ақ ол Жанқош Тұраровтың өз аты мен абыройын қорғауға ниетті екенін айтты. Бойжеткенге жала жабылған жағдайда, олар оны жауапқа тартуға уәде берді.
Еске салайық, бұған дейін Жанқош Тұраров қыз зорлады деп айыпталған еді.
Артынша, Жанқош Тұраровтың өзі де "қыз зорлады" деген ақпаратқа алғаш рет жауап берді.
Сондай-ақ танымал боксшы Жанқош Тұраров зорлады деп арыз жазған Әнару Құрманәлі оқиғаның егжей-тегжейін айтып берген еді.