Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Билік Шыңжаңдағы этникалық ұлттардың көзін жоюды мақсат еткен": Қытайдан қашып келген қандасымыз күйеуім репрессия құрбанына айналды деп шырылдайды

43 жастағы Бикамал Кәкен Қазақстанда пәтер жалдап тұруда. Оның күйеуі Әділғазы Мұқай үш жыл бұрын Қытай репрессиясына ұшырап, түрмеге жабылыпты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Eurasianet.org порталына сілтеме жасап. 

Биқамал

Бұрын Шыңжаңда тұрған отбасының басына күн туады деп ешкім ойламаған. Отағасы мұнай компаниясында жұмыс істеп, отанасы балалары мен 90 жастағы енесін қарап үйде отырған. 

2016 жылы Қытай үкіметі этникалық ұлттардың діни және мәдени құндылықтарын ашып көрсетуге шектеу қойыпты. Әйелдің сөзінше, жергілікті билік оның басына орамал тағып жүргеніне шүйлігіп, бұл діни жоралғы деп отбасының соңына түсе бастайды. 

Мен бұл ешқандай діни дәстүр емес екенін айттым. Орамалды енемнің көзінше тағып жүремін дедім. Алайда қытайлықтар мұны діни экстремизм деп тапты. Сонда да барынша олармен тіл табысуға тырыстық. Бізді қытайлық-ханьдар бақылап, үйімізде бірнеше күн түнеді", - дейді Бикамал Кәкен. . 

Барған сайын үкіметтің талаптары да қатаңдай беріпті. Мәселен, бір күні отбасы билік үйдегі бала санын тіркеуге алып, егер көп болса, жүкті әйелдерді түсік жасатуға мәжбүрлеп жатқанын естіген. Бұл хабардан кейін Бикамал қатты абыржып қалады. Себебі бұл уақытта ол үшінші балаға жүкті болған. Көп ойланбай жанұя Қазақстанға қоныс аударуға бел буыпты. 

Алғашында үйімізді сатып барып, сосын көшейік деп ойладық. Бірақ тезірек кетіп қалайық деген тоқтамға келдік", - дейді әйел. 

Отбасы 2016 жылдың тамызында Қазақстанға көшіп келіпті. Бұдан кейін Әділғазы тіпті бірнеше рет Қытайға туыстарын көруге барып қайтқан кездері де болған. 2017 жылы мамырда оған жұмысына міндетті түрде келуі керек деген хабарлама жеткізіліпті. Келген хатта егер ұйым жиналысына қатыспаған жағдайда ер азамат зейнетақысынан айырылатыны айтылыпты. Ал отбасының жалғыз күнкөрісі осы зейнетақы болған көрінеді. 



"Менің күйеуім Қытайға барудан қорықпады. Біз ол кезде жазықсыз адамдар сотталып жатқанын білген жоқ едік. Алайда Әділғазы сол күйі Қытайдағы туыстарымыздың үйіне жетпеген", - дейді Бикамал. 

Абырой болғанда, Бикамалдың жары Қытайға барар кезде пайдаланатын автобустың жүргізушісі отбасының танысы екен. Сұрастыра келе әйел Әділғазыны Қытай шекарасында полицейлер ұстап алып кеткенін білген. 

Қытайдағы туыстары Әділғазының түзету лагеріне жабылғанын біліпті. Бірде әпкесіне қоңырау шалуға рұқсат берген кезде ер азамат өзінің өліп кетуі мүмкін екенін айтыпты. 

"Бұлай не үшін айтқанын білмеймін. Бәлкім, денсаулығы дұрыс болмады ма, әлде өзін біреулер өлтіреді ме деп секемденді ме, ол жағы белгісіз", - дейді қандасымыз. 

Күйеуі жоғалғаннан кейін Бикамал бірнеше рет журналисттерге сұхбат беріпті. Оның бұл әңгімесі неміс жазушысы Бен Мауктың құлағына жетіп, өткен жылы әйелдің айтқанын ол The Believer басылымында жариялапты. Алайда бұл мақалаға кезіккен Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо бұл әңгімелер жалған деп, жарияланған мақалаларды АҚШ-тың ұйымдастырып жатқан құйтырқы әрекеті деп айыптапты. Ол басылымда көрсетілген адамдардың оқиғалары шындыққа жанаспайтынын жеткізіп, Бикамалдың жары Әділғазы Мұқай "аймақта экстремизмдік терроризмді насихаттағаны үшін" 9 жылға қамалғанын мәлімдепті. 

Бұған қоса қытайлық елші Мұқайдың ешқандай түзету лагерінде болмағаны және отбасыға балаларының көп болғаны үшін ешқандай айыппұл салынбағанын айтыпты. Алайда Чжан ер азаматтың 2017-2019 жылдары қайда жүргені жайлы ақпаратты жарияламапты. 

"Менің күйеуім ешқашан заң бұзып көрген емес. Егер ол шынымен террорист болса, осы уақытқа дейін Қытай мен Қазақстан арасында емін-еркін жүре алмас еді ғой. Неге онда бізге Қытайдан кетуге рұқсат берілді?", - дейді әйел. 

Сөзінше, отбасының Қытайдың бала туу көрсеткішін бақылау саясатынан жалтарылып, Қазақстанға кетіп, балалы болуы аспан асты елінің қитығына тиген. Сол себепті олар отағасын жазалауды шешкен. 

"Егер ол қылмыскер болса, неге маған оның ресми түрде тіркелген жарына жұбайымның сотталғанын растайтын ешқандай құжат жібермей отыр? Мен екі жылдан бері жібермеген хатым жоқ. Қытай билігі менің күйеуімді іздестіріп жатқаным жайлы хабардар екеніне сенімдімін", - деп қосты Бикамал.

Сондай-ақ ол Қытай елшісінің Әділғазы туралы айтқанынан басқа жұбайы туралы еш ақпарат жоқ екенін мәлім етті. 

"Біз Қытайда қалып қойғанда үшінші қызым туылатына күмән келтіремін. Қазақстанда қайырымды адамдар маған үнемі көмектесіп тұрады. Олар болмағанда мен балаларымды асырай алмай қалатын едім", - дейді ол. 

Қазір әйелдің оқиғасы туралы еліміздегі белсенділер мен "Атажұрт" қорының өкілдеріне естіпті. Бикамал журналисттерге сұхбат беруден шаршамайтынын жеткізді. 

"Қытайдың коммунистикалық партиясының мақсаты терроризммен күресу емес, Шыңжаңдағы этникалық халықтың көзін жою. Мен бұны бүкіл әлем халқы естісе екен деймін", - дейді Бикамал. 

Талқылау