Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ: "Шыңжаңдағы мыңдаған ұйғырды Қытайдың басқа аймақтарына жұмысқа жібереді"

Қытай үкіметі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында "қайта тәрбиелеу орталықтарынан" кетуге рұқсат берген ондаған мың ұйғырды жұмысқа орналастыру бағдарламасын қайта жандандырды. Бұл туралы South China Morning Post газетінде хабардарлық дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жоспар Шыңжаң орталықтарының бірінде "қайта тәрбиелеу" бағдарламасын аяқтаған ұйғырларды елдің бірнеше провинцияларына жіберуді қарастырады. 

Хабарланғандай, жоспарды әзірлеу былтыр аяқталған, бірақ коронавирус індетіне байланысты одан әрі жұмыс тоқтатылған.

Батыс елдері мен түрлі гуманитарлық ұйымдар Қытай үкіметінің Шыңжаңның мұсылман халқына қатысты әрекетін жиі сынға алады, оған ресми Пекин "қайта оқыту орталықтарында" ұйғырлар жақсы жұмыс тауып, радикалды фундаментализмнің ықпалына түспеу үшін қажетті жаңа дағдыларды алады деп жауап береді.

Газет дереккөздерінің мәліметтері бойынша,  Қытай эпидемиологиялық жағдайды бақылауға алғаннан кейін, үкімет Шыңжаң тұрғындарын елдің басқа аймақтарына жұмыс істеуге жіберу бағдарламасына қайта кіріскен. Шыңжаңда "қайта тәрбиелеу орталықтарынан" курсты аяқтаған қызметкерлерді жалдау квотасын 19 провинция мен қала алған.

Дереккөздердің бірі атап өткендей, індет Қытай экономикасы мен еңбек нарығына қатты әсер еткеніне қарамастан, билік "қайта тәрбиелеу орталықтарының" тиімділігін дәлелдеу үшін ұйғырларды жұмысқа орналастыру бағдарламасын іске асыруға ниетті.

"Шыңжаңдағы жұмыссыздық мәселесі эпидемияға қарамастан, барлық жағдайда шешілуі керек", - деді газеттің дереккөзі.

Хабарланғандай, ақпан айының соңына қарай Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында "қайта тәрбиелеу орталықтарынан" кеткен ұйғырларға арналған 60 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, бірнеше мыңы басқа өңірлерге жұмысқа жіберілді. Олардың көбі ойыншықтар мен киім шығаратын фабрикаларға жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар, газеттің хабарлауынша, Гуандун провинциясының оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласына 50 мың ұйғырды біртіндеп көшіру жоспарланған, бірінші кезеңде 15-тен 20 мыңға дейін адам сол жерге көшіріледі.

Шыңжаңдағы тағы 30-50 мың жұмысшы Гуандундағы Шаогуань қаласына көшуі қажет. Бірнеше ондаған мың жұмысшыны оңтүстік-шығыстағы Фуцзянь провинциясына жіберу жоспарланған.

Әзірге елдің басқа өңірлеріне қанша ұйғырды жұмысқа жіберу жоспарланғаны туралы ресми статистика жоқ.

БАҚ мәліметтері бойынша, ұйғырлар басқа провинцияларда айына 1200 юаньнан (170 доллар) бастап 4 мың юаньға (565 доллар) дейін табыс таба алады, ал жергілікті билік оларды тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз етуі керек. Дегенмен, хабарланғандай, олар жатақханадан рұқсатсыз кете алмайды.

2018 жылдың тамыз айының соңында БҰҰ нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің сарапшылары жарияланған баяндамада бір миллионға жуық этникалық ұйғыр Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" болуы мүмкін деп мәлімдеді. Осы жағдайға түсініктеме бере отырып, Қытай СІМ "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" ұйғырларды ұстау туралы ақпарат расталмаған және шындыққа сәйкес келмейді деп мәлімдеді.

Талқылау