Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қыста тоңамыз, жазда өртенеміз": Еліміздегі су тасқыны жағдайын сынға алған екі адам қамауға алынған

Елдегі су тасқыны жағдайын сынға алған екі адам әкімшілік жазаға тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: azattyq.org

7 сәуірде Қостанай қаласының әкімшілік соты "Көктем" бағбан серіктестігінің тұрғыны 39 жастағы Қайрат Мұсабаевты 10 тәулікке қамаған. Қостанай облыстық сотының хабарлауынша, сот қаулысы "сот кабинетінде" жарияланған. 

Олар "Көктем" тұрғынының "қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін" әкімшілік жазаға тартылғанын мәлімдеді. Алайда сот қаулысында оның нақты қандай былапыт сөз айтқаны көрсетілмеген. Жай ғана жауапкердің кінәсі "жиналған айғақтармен дәлелденді" деп жазған

Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адамның мемлекет басшысы Тоқаев пен үкіметті сынап, эмоциямен пікір білдіргені түсірілген видео жарияланған еді.

"Су тасқынына сіздер жол бердіңіздер. Қаншама адам баспанасыз қалып, мүлкінен айырылды. Тіпті кей аудандарда адам өлімі болды. Қыста тоңамыз, жазда өртенеміз. Көктем келетінін болжай алмай, кенеттен суға батамыз. Ешқашан ештеңеге дайын болған емессіздер", – дейді видеода ер адам. 



​​​​​​Видеоны оппозиция өкілдері мен Telegram-арналар жариялаған еді.

Осыған ұқсас айыппен әкімшілік қамауда болған 57 жастағы Ақылбек Темірғалинов та 17 сәуірде қамаудан босап шықты. Ол Ақсу қаласында изоляторда алты күн қамауда отырған. 

11 сәуірде Павлодар облысының тұрғыны үкіметті су тасқынына байланысты сынап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Темірғалиновтің сөзінше, оны да "қоғамдық орында былапыт сөз айтты" деп айыптаған. Мұнда әлеуметтік желі қоғамдық орын саналып отыр. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымының сарапшысы Ғалия Әженова жазбадағы "үш әріптен құралған сөз" жеке бір адамға бағытталмағанын және су тасқынына байланысты жеке адамның пікірі екенін айтқан.

Айта кетейік, Қазақстанның бірнеше өңірін жайлаған су тасқынына қатысты президентті сынап жазба жариялаған ерікті кешірім сұрағаны туралы жазған едік. Перизат Қайрат есімді ерікті өзінің Instagram-дағы парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жариялап, су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облыстарында жұмыс істеген кезде көргенін айтып берді. Ерікті президентті VIP-кездесулер ұйымдастырудың орнына, елдің ішінде болуға шақырған.

Талқылау