Қыруар қаржы төлеп қажылыққа барған қазақстандықтар парызын өтеудің орнына полиция учаскесінен бір-ақ шыққанын мәлімдеді
Сауд Арабиясына үлкен қажылыққа барған қазақстандықтар бірнеше күн полиция учаскесінде болғандарын мәлімдеді. Сөздерінше, учаскеде тағам мен су да дұрыс берілмеген. Шетелде мәселеге тап болған азаматтардың мәселесіне президент те назар аударыпты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Сюжеттен скриншот
Зардап шеккендер қажылыққа "Зәм-Зәм Қазақстан" туристік компаниясы арқылы Меккеге аттанған екен. Бұл 2,5-3 миллион теңге аралығында қаржы төлеген екен. Алайда туристік фирма 300-ден аса адамды визасыз шетелге алып барған.
Сейітжан мен Гүлайша Сауд Арабиясынан бірнеше күн бұрын елге оралыпты. Ерлі-зайыптылар Меккеге барып, бірақ парыздарын өтей алмағандарына налиды. Сөздерінше, Сауд Арабиясына жете салысымен екі тәулік автобустың ішінде қамалған.
"2 автобус, сағат 11:00-де ұсталғанбыз, содан күн батқанша ұстап тұрды. Күн батқаннан кейін тағы бір жерге алып кетті. Сөйтсек ол милицияның бөлімшесі екен. Тұрғызып қойды. Ол жерде де автобустан шығармайды. Көрген қиындығымыз көп. Тамақты айтпағанда, дәретханаға бара алмай қиналдық. Қиналсақ мейлі еді, бірақ қажылықты өтей алмадық", – дейді Гүлайша Нүсіпқожа.
"Отыр десе, отырамыз, тұр десе, тұрамыз. Малай ма, бір нәрсе болып кеттік. Үстімдегі киім қап-қара болды. Қылмыскер болдық. "Шық-ей", "кір-ей". Апалар ұйқысы келгенде жерге жатты ғой. Иесі жоқ, қаңғып кеткен адам сияқтымыз. 70-80-ге келген шалдар жылап жатыр, сол жерде. Адам алдайтын компаниялардың көзін құрту керек", – деп қосты Сейітжан Рабат.
Отбасымен бірге тағы үш адам өз қаражатымен елге әзер жетіпті. Қажылыққа барып қаңғып қалған жерлестеріміздің мәселесі үлкен шуға ұласқан соң 30 маусымда ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне қатысқан мемлекет басшысы да арнайы тоқталды. Президент жүздеген адамды алдаған компанияны жауап тарту керек деген тапсырма берді.
"Жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді, кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Ал ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазір Сауд Арабиясында тағы 300-ге жуық отандасымыз жүр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы аталған мекеменің қажылыққа адам апаратын квотасы, тіпті арнайы лицензиясы жоқ екенін мәлімдеген. Соған қарамастан компания басшысы мүфтияттан виза алғанын айтып отыр. Ал парызын өтей алмаған адамдарға ақшасын қайтаруға уәде берді.
"Біз квотаны мүфтияттың адамдарынан алдық. Қажылық басталмай тұрып алғанбыз. Квота дегенде, бұл жерде квота емес. Біз визаларды алдық. Қалған қызметті өзіміз сатып алдық. Қажылығын өтей алмаған 30-40 адам бар деп білемін. Енді ол келгеннен кейін анықталады. 30-40 адамға ақшасы қажылығын өтей алмағаны үшін толық қайтарылады", – деп мәлімдеді Zam-Zam Qazaqstan компаниясының басшысы Данияр Ілиев.