"Ойыншы қамшымен салып қалған": Көкпардан финалдағы Қазақстанның жеңісіне қырғызстандықтар жаппай наразылық білдірді
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары тартысты ойын көрсетті. Алайда қырғызстандық жанкүйерлердің ойын нәтижесіне көңілі толмаған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қазақстан құрамасы Қырғызстан командасын 4:5 есебімен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды. Бірақ қырғыз ағайындар ойынның әділетсіз өткенін айтып, төрешіні жерден алып, жерге салды.
“Қазылардың көмегімен ұтқанша, абыроймен ұтылу керек еді”, – деді Бішкектен келген Арай Самарбекова.
Сондай-ақ ойын барысында ойыншылар арасында қақтығыс болғанын да байқауға болады. Бірінші таймда, қырғыздар командасы 1:3 есебімен оза шапқан кезде қазақстандық спортшы қарсыласына жақындап келіп, қамшымен салып қалды. Оның бұл әрекетін түсінбей қалған ойынша аңтарылып қалды.
Осы жағдайға байланысты көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ақылбай Манкеев пікір білдірді.
“Кикілжіңді бастапқыда түсінбей қалдық. Негізі мұнда арандатушы әлдекімдер жұмыс істейді деп білемін. Олар екі жақты жанжалдастыруға тырысты. Өздеріңіз байқаған боларсыздар, мен өзіміздің жігіттерге тоқтау салдым. "Не болып жатыр?" деп сұрасақ ешкім жауап бермеді. Иә, бізден де жігіттер арасында эмоцияға берілгендер болды. Ол үшін қырғыз ағайынан кешірім сұраймыз. Бірақ спорттық бәсекелерде мұндай болып тұратыны заңдылық”, – деді ол.
Ойын аяқталып, жанкүйерлер жеңімпаздарды сән-салтанатпен, рухты сөздерімен күтіп алды. Алайда кенет қазақ-қырғыз жанкүйерлерінің арасында төбелес басталып кетті. Жанындағылар оларды ажыратып жатты.
Бұған дейін Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы көкпардан финалға шығып, алтын жүлдені жеңіп алған еді.