Қазақстанда еңбек құлдығына түскенін айтып, көмек сұраған қырғызстандық көпшілікті алдап соққан
Қырғызстан азаматы Мақсат Есенбаев Қазақстанда құлдыққа түсіп, елге қайта алмай жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мақсат Есенбаев Қырғызстан билігінен көмек сұрап, әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялады.Азаматтың айтуынша, ол 1984 жылы Ыстықкөл облысының Экинчи Көк-Мойнок ауылында дүниеге келген. Ол досымен көрші мемлекетке жұмыс істеуге келген. Алайда екеуі де еңбек құлдығына түскен.
Таяуда Мақсат Есенбаев құлдықтан қашып шыққан. Оны байқап қалған қырғызстандық жүк көлік жүргізушілері Мақсатты Жамбыл облысының Меркі ауылына қарай алып кеткен.
Қырғызстандық азамат жұмыс беруші құжаттарын тартып алғанын айтып, құжаттарды жаңадан жасатпақ болды. Видео авторы ер адамның отанына қайту үшін туыстарына іздеу салғаны туралы айтты.
Қырғыстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті.
Тексеру жұмыстары барысында ер адамның құлдық туралы оқиғаны ойдан шығарғаны белгілі болды.
“21 маусым күні Қырғызстанның Алматыдағы бас консулдығына қырғызстандық азаматтан (видеоның авторы) өзін Мақсат Үсенбаев деп таныстырған жерлесіміздің Жамбыл облысының Меркі ауылында екені туралы ауызша ақпарат келіп түсті. Ол Қазақстан аумағында ұзақ уақыт еңбек құлдығында болыпты-мыс. Сондай-ақ айтуынша, азаматқа жұмыс беруші физикалық күш көрсеткен”, – деп мәлімдеді Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Видео әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін бас консулдыққа тағы бір қырғызстандық азамат хабарласып, өзін Мақсат Үсенбаевтың туысы деп таныстырған.
“1987 жылы туған азамат әлеуметтік желіде айтылған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, туысы ішімдік ішеді, тұрақты жұмысы жоқ. Ол өзін еңбек құлының құрбаны ретінде көрсетіп, адамдарды алдап соғады. Бұл ақпаратты министрлік өкілімен хабарласқан қырғызстандық азаматтың туған ағасы да растады”, – делінген хабарламада.
Бас консулдық Ішкі істер министрлігінің өкілдерімен бірге ер адамның нақты мекен-жайын анықтап жатыр. Ол бас консулдыққа хабарласқан адамның азаматтығына қатысты Қазақстанның құзырлы органдарына сауал жолдады. Өйткені оның анасы Қазақстан азаматы екен және оның Астана қаласында тұратыны белгілі болды.