Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сексолог әйелдерді жыныс мүшесімен сурет салғызып, "қыздай" қалыпқа түсіріп жүр

Қазіргі уақытта жабық тақырыпты ашық айтып, төсек қатынасын тәптіштеп түсіндіретін, интимдік байланыстың қыр-сырын үйрететін сексологтер көбейген. Қыз-қырқын құмартып, курстарынан қалмайтындай олар не үйретіп жүр?

Бұл туралы "Пендеміз ғой" бағдарламасында айтылды. 

"Қынап бұлшықеттерімен сурет салу өте оңай. Үндістер түтікшемен оқ атқанын көргенсіз бе? Бұл да сол сияқты. Бірақ қынап бұлшықеттері арқылы жасалады. Мұның бәрі интимдік бұлшықеттердің жаттығулары. Бұл жаттығу өз алдына интимді бұлшықтерді дамытады. Барлық әйелге мұндай жаттығуды жасауға рұқсат етілмейді. Алдымен сізге тонус қажет. Себебі, қарсы көрсеткіштер болса, сіз техникамен жұмыс істей алмайсыз. Сізде тонус сезімталдық болғанда ғана жасауға мүмкіндік бар", - деді сексолг-кеңесші Ксения Невмержицкая.

Ксения Невмержицкаяның қынаппен салған бір суреті Мәскеу, Екатеринбург қалаларында эротикалық өнер мұражайында тұр. Өзі қынаппен барлығы 10 сурет салған. 

"Мен әйелдің, колибридің, қоқиқаздың суретін салдым. Көбінесе әйелдердің сымбатын бейнелеймін. Қазақстан, Азия бойынша қынаппен сурет салатын мен ғана. Әлемде мүмкін бар шығар. Бұл авторлық жоба. Мен көрме ұйымдастырып, суреттерімді сатпаймын. Бұл тек хобби ретінде ғана. Осылай сурет салып, күйеулеріне сыйлаған қыздар бар. Қынаппен сурет салу арқылы бұлшықет қызметін жақсартуға, қынабын тарылтуға болады. Маған босанған соң қынабын тарылтқысы келетін әйелдер көп келеді", - деді ол. 

Ксенияның күйеуі қазақ. Қазақ менталитетін, ұят мәселесін жақсы білемін дейді өзі. Тіпті оның қызметін жолдасы қолдап отырады екен. 

Ал үш жыл онлайн оқып, сертификат алған Салтанат Мұрадова бүгінде қыз-келіншектер арасында сексолог, коуч-тренер ретінде танымал. 

Бір сабағы үшін бір адамнан 7 мың теңге алады. Курс 5 не одан да көп сабаққа дейін созылуы мүмкін. 

"Маған көп қыз-келіншектер келеді. Көпшілігі жыныстық сауаттылық мәселесін сұрайды. Күйеуіне көңілі толмайтын немесе ажырасқысы келетіндер келеді. Менің сабағымнан кейін қарым-қатынасы жақсарып, отбасын сақтап қалған отбасылар көп. Желіде 14 мың оқырманым бар. Бастапқыда өзімнің сауаттылығымды арттыру мақсатында оқыдым. Құрбыларыма үйретіп жүрдім. Кейіннен бір жазба жазып едім, ол инстаграмда кең тарап кетті. Осылайша маған сұраныс ойда-жоқта келді. Мақсатым - әйелдерді жыныстық сауаттылыққа тәрбиелеу. Әйел мен ердің жақындасуы, аймалау техникасын, ләззат алу үшін не істеу керек деген сұрақтар бойынша дәріс өткіземін", - деді Салтанат Мұрадова.

Сексолог маманның кеңесін алу үшін хиджаб киетін, намаз оқитын қыздар да келеді екен. Әр жастағы, әр ұлт өкілдерін төсек мәселесі қызқтыратын көрінеді.

Психолог Серікгүл Сали екі маманның да қызметі қазақылыққа жат деген пікірде.

"Бұл қоғамға айқайлап айтатын тақырып емес. Бұл кісілердің қызметін де, ойын да құптамаймын. Қазақты ұстап тұрған ұят қана. Енді одан айыратын болсақ, қандай күйге түсетініміз белгісіз. Әйел мен ер тақырыбы сөз болуы керек. Бірақ мамандармен жұмыс істеу керек. Ел алдында емес, жеке шешу керек. Біз ақсақалдың алдында, баланың алдында, қыздың алдында, қайын атаның алдында отырып алып талқылайтын тақырып емес. Мен ұяты бар психологпін. Сондықтан кез келген дүниені қазақы тәрбиемізге салып айтуымыз керек. Әйел күйеуіне толық сенген кезде ғана, төсекте ашылады. Оны басқа жаттығулары, біреудің кеңесі ашпайды", - деді ол. 

Психологтің ойын зейнеттегі дәрігер Оралбай Сатуов қолдады.

"Сексологтерден түрлі нәрсе үйреніп келген әйелінен ері жиіркенеді. Себебі оның жезөкшеден айырмашылығы болмайды. Әйелі ұятымен имандылығымен, жұмбақтығымен ерін тартады. Егер ұяты ашылса, төсекте түрлі амал жасап жатса, ері оған жиіркене қарайды. Әйел жұмбақ болу керек. Әйелді ашатын азаматы ғана", - деді Оралбай Сатуов.

Жыныстық тақырып өте нәзік жіп тәріздес. Ер мен әйелдің арақатынасы өздеріне аян. Жыныстық тәрбие беретін мамандардың болғаны дұрыс та шығар. Бірақ көк көрпенің бүлкілін көлденең көк аттымен ақылдасқан абырой бере ме? Ал ақша үшін бір курс оқып алып, сексолог маман болып жүргендерді қайтеміз. Сіздер сексологтерге жиі жүгінесіздер ме?

Талқылау