"Қылмыс жасалмайды": Алматы облысында бүтін бір ауыл 5 жылдан бері арақ ішуден бас тартқан
Алматы облысы Бояулы ауылының тұрғындары арақты ішуден бас тартқаннан кейін, елді мекенде 5 жылдан бері бірде-бір ауыр санаттағы құқық бұзушылық тіркелмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеокадрдан скриншот жасалған
Мәліметтерге сенсек, Бояулы ауылының тұрғындары той-томалақты ішімдіксіз өткізіп жүр. Ең әуелі, бұл бастаманы ауыл ақсақалдары көтеріп, халық та бірауыздан қолдаған. Осылайша дүкендердің бәрі сөреден алкогольді алып тасаған. Қазір Бояулыда арақтан бөлек сыра да сатылмайды.
Айта кетейік, спирттік ішімдікке сылқия тойып алып, ылаң салатындар болмаған соң, ауылда қылмыс та айтарлықтай азайған. Бес жылдан бері мұнда бірде-бір ауыр санаттағы құқық бұзушылық тіркелмепті.
Тұрғындардың айтуынша, аймақ жастары кафе жағалап жүрмейді. Керісінше, жастар бос уақытында спортпен шұғылданады.
"Осы дүкенде жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл болды. Ауылымызда бұл дүкен ашылғалы спирттік ішімдік мүлдем сатылмаған. Соның арқасында қылмыс болмайды. Біздің ауылымыз басқа да ауылдарға үлгі болса екен деп тілейміз", – деді ауыл тұрғыны Раушан Көпенбаева.
Еске салайық,бұған дейін Маңғыстау облысында лицензиясы жоқ кәсіпкерден 8 мыңға жуық заңсыз алкоголь өнімі тәркіленгенін жазған едік. Өнім иелерінің сақтауға және сатуға лицензиясы болмаған. Атап айтқанда жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде 55 380 теңге, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 25 АЕК 92 300 теңге мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК мөлшерінде 147 680 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде 553 800 теңге айыппұл салынады.