Қыдырәлі Болманов: Қонаевтың атын астанаға берсе де аз
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Талдықорған аймағында жаңа Жетісу облысы құрылса, Алматы облысының орталығы енді Қапшағай қаласында болмақ. Ал аталған қалаға Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілуі мүмкін. Бастаманы көпшілік қолдап отыр. Ал продюсер Қыдырәлі Болманов Қонаевтың есімі елордаға берілсе де аздық ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Шынын айтсақ, астанаға Дінмұхаммед Қонаев атамыздың атын берсе де аз. Ол кісінің атымен әр қаланың басты көшелерін атау қажет!
Ең мықты білім орталықтарын, университеттердің атын Қонаевтың атымен байланыстырған дұрыс болар еді.
Өйткені ұрпақ тәрбиесінде өте маңызды жастар да, балалар да сол кісіге қарап бой түзеуі қажет.
Дінмұхаммед Қонаев - адалдықтың, мемлекетін, ұлтын сүюдің, елін жанашырлықпен, әділдікпен басқарудың үлкен үлгісі! Яғни символы. Тоқтаусыз айтуға болады",- деп пікірін білдірді Болманов әлеуметтік желідегі парақшасында.
- "Біз үшін қуанышты жаңалық": Семей тұрғындары Абай облысының құрылуына қатысты пікір білдірді
Көпшілік продюсердің пікірін қоштады.
"Астанаға да, әуежайларға да Қонаев атамыздың есімі берілсін", "Біртуар тұлға, астананың атын берсе де қолдаймыз", "Әрине, қолдаймыз. Атамызға төрдің төрінен орын лайық. Жарықтық, бір аунап тұрған болар. Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары. Дара тұлға, дана тұлға - Қонаев атамыз", - деді желі қолданушылары.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күнгі Халыққа арнаған Жолдауында елімізде үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Семей өңірінде Абай облысы, Жезқазған қаласы аумағында Ұлытау облысы құрылады. Сондай-ақ, Алматы облысы Алматы және Жетісу болып екіге бөлінеді. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Тоқаев: “Қапшағайда Қонаевтың есімін беруді ұсынса, мен бұл пікірге қосыламын”, – деді.