Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Халыққа 10 сотық жер беру мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызылмақ

Халықтың жер учаскесіне деген мұқтаждығын мемлекеттік гмұқтаждыққа жатқызу көзделіп отыр.

11181552

Бұл норма жер дауынан кейін әзірленген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасында қарастырылған. Аталмыш заң жобасы бүгін мәжілісте таныстырылды, деп хабарлайды Sputnik.

Отырыс барысында таратылған мәліметке сәйкес, халықты жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерімен (10 сотық) қамтамасыз ету және кезекте тұрғандарды (1,2 миллион өтініш) қанағаттандыру мақсатында халықтың жер теліміне мұқтаждығын елді мекендердің бекітілген бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, халықтың жайылымдық алқаптарға деген мұқтаждығы да мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызылмақ. Осылайша, әкімдер жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі және пайдалануындағы елді мекендердің жанында орналасқан жайылымдарды алып қою мүмкіндігіне ие болмақшы.

“Халықтың мұқтаждығын қанағаттандыру үшін жеке аула малының көлемі бойынша жайылым алаңдарын айқындайтын норма көзделеді. Аталған аумақтарда жеке және заңды тұлғаларға жер берілмейді. Қазіргі уақытта елді мекендердің айналасындағы жайылымдардың көп бөлігі жеке тұлғалардың меншігі мен жалдауында екенін ескере отырып, әкімдіктерге халыққа керек жайылымдарды мемлекеттің мұқтаждығына жатқызу арқылы алып қою мүмкіндігі берілетін болады”, — деді мәжілісте заң жобасын таныстырған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, жер учаскесін мемлекеттің қажеттілігі үшін мәжбүрлі түрде иеліктен шығару тәртібі мен төлем құнын анықтау мемлекеттік мүлік туралы заңға сәйкес жүргізіледі. “Заңда көрсетілгендей, жер иесі жерді кадастр құнымен сатып алса, кадастр құнымен алынады. Егер қолында біреуден нарықтық бағамен сатып алғаны жөнінде азаматтық-құқықтық келісімшарт болса, сол уақыттағы бағамен сатып алынады деп жазылған. Осыдан бір апта бұрын жоғарғы сот үлкен мәжіліс өтіп, осы мәселелер қаралып, бір ұйғарым жасалды. Қазақстан азаматының сол жерін кадастр бағасымен сатып алуға болмайды, нарық бағасымен өтемақы беру қажет деген ұйғарымға келдік”, — деп түсіндірді Нысанбаев.

Былтыр елімізде жер дауы туындап, халық біраз дүрліккен болатын. Ел азаматтары жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық танытып, бірнеше өңірде шеру де өтті. Осыдан кейін президент жер кодексіндегі бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырды.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді. Оның жұмысының қорытындысы бойынша маңызды ұсыныстар беріліп, заң жобасы әзірленіп отыр. Жаңа құжат жақында парламентке түсті. Сонымен, заң жобасы ауыл шаруашылық жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау және оны жетілдіру, жалға берілетін ауыл шаруашылық жерлерінің шекті мөлшерін белгілеу, шекара маңынан жер беруге қойылатын талаптарды күшейту, қажетті жайылымдық жерлердің көлемін анықтауға бағытталған.

Универсиада ауылындағы үйлер “Нұрлы жер” бойынша кезекте тұрғандарға берілді “Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері әкімдік бекітетін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбе ауданның жер қатынастары бөлімдерімен әзірленіп, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлік палатасымен келісіліп, ауданның атқарушы органымен бекітілетін болады. Конкурстың айқындылығын қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссияның құрамына комиссия мүшелерінің кемінде елу пайызын құрайтын қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін қосу көзделген. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізіледі”, — деді Нысанбаев.

Конкурсқа қатысушылардың ұсыныс беруі міндетті шарт болмақ. Ол ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын егу алаңдарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді қамтиды. Бұл талаптар беріліп жатқан жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында белгіленіп отыр.

“Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілмек. Сөйтіп, жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір үш жылда, тәлімдік жерде әр бес жылда мониторинг жүргізіліп отырады. Осы жерлер мамандардың тұрақты бақылауында болады. Мониторинг нәтижелері жер учаскелерін жалға беру мерзімін ұзартуға негіз болып табылады”, — деп атап өтті вице-министр.

Сонымен қатар, ауыл щаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттемелерді орындау бойынша бірыңғай талаптар белгілеу мақсатында жер учаскесін жалға беру шартының үлгілік нысаны бекітілетін болады. Бұл шартта жалға алушының жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелері мен жауапкершілігін күшейту көзделген. Жер учаскесін жалға алу шарты талаптарының сақталмауы заңда белгіленген тәртіппен оны бұзу үшін негіз болып табылады. Латифундизммен күрес Жер дауы көтерілген кезде талқыға түскен маңызды мәселелердің бірі – латифундизммен күрес. Осыған орай заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлері ірі көлемде “бір қолға” өтіп кетпеуі үшін шекті мөлшер белгіленетін болады.

“Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде “бір қолға” түсуіне жол бермеу мақсатында қазақстандықтарға жалға берілетін жердің ең жоғары мөлшерін алқаптар бойынша республика, облыс және әкімшілік аудандар шегінде белгілеу қарастырылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлерін республика бойынша шекті мөлшерден асатын көлемде бір қолға беруге жол берілмейді. Олардың мөлшерін өкілді және атқарушы органдардың бірлескен ұсынысының негізінде үкімет бекітеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта тиісті есептеу әдістемесін әзірлеуде. Онда республиканың әрбір өңірінің жағдайы мен ерекшелігі ескеріледі”, — дейді вице-министр.

Бұл ретте есептеу әдістемесін әзірлеуге мемлекеттік бюджеттен 17 миллион теңге бөлінгенін айта кету керек. Жер шетелдіктерге берілмейді Заң жобасында шекаралас аудандарда ауыл шаруашылығы жерлерін беруге талаптар күшейтілетілмек. Сөйтіп, жер учаскелерін шетелдіктерге және шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарға беруге тыйым салу қарастырылып отыр. “Заң жобасында шекаралық белдеу және шекаралық аймақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, ҚР-ның шетелдіктермен некеде тұрған азаматтарына, сонымен бірге шетелдік заңды тұлғаларға және ҚР-ның шетелдіктердің қатысуы бар тұлғаларына беруге тыйым салынады”, — деді Нысанбаев.

Бұдан бөлек, мемлекет шекарасының шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері жеке меншікке және жер пайдалануға берілмейді. Аталған аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жергілікті халықтың қажеттілігі үшін, яғни жайылым, шабындық ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Мемлекеттік шекараның шекаралық аймағында орналасқан ауыл шаруашылық жерлері тек Қазақстан азаматтарына және заңды тұлғаларына уақытша жер пайдалану құқығымен ғана берілетін болады.

Талқылау