Қазақ азаматы 300-ге жуық ұлттық тағам ұсынатын мейрамхана ашқан (видео)
Қазақтың ұлттық тағамдары десе, бірден ойымызға ет келеді. Алайда ата-бабамыз еттен бөлек көптеген тағамдарды дайындай білген. Солардың көбі бүгінгі таңда ұмыт болған. Жұртының, халқының жанашары болған азаматтар көне заманнан келе жатқан ұлттық тағамдарды жаңғыртып, бүгінгі және келер ұрпаққа мұра қылып қалдырмақшы. Сол азаматтардың бірі – Айбын Әубәкірұлы, Алматы қаласындағы «Тэмуджин» мейрамханасының иесі.

Аталған мейрамхананың бір ерекшелігі, бұл жердің аспаздары түркітілдес елдердің ұлттық тағамдарының 300-ге жуық түрлерін ұсынады. Әрине, ең бастысы қазақ халқының тарихи ұлттық тағамдарын әзірлейді. Бұған көз жеткізу үшін Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшілері арнайы мейрамханаға барып, тағам түрлерін көріп, тіпті ерекше атауға ие болған «мұз-от қазақ» тағамын даярлау сәтінің куәгері болды.
Мейрамханының иесі Айбын Әубәкірұлы туралы қысқаша айта кетсек, Қытай елінен 1997 жылы оралған қазақ. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жас кезінен бойына сіңіріп, сонау Қытай мемлекетінің Шәуешек қаласында бастау алып, достарымен бірігіп қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейтін дәмхана ашқан. Осылайша өз жеріне оралып, бастаған жолын жалғастыру мақсатында отбасымен, ағайындарымен бірігіп 2005 жылдан бері бірнеше дәмхана ашып, ұлттық тағамдарды жаңғыртып келеді. Аспаз болмаса да, тамаққа деген қызығушылық танытқан Айбын аға қазақтың ұлттық тағамдарын ас мәзіріне қосар бұрын этнограф Болат Бапайұлымен ақылдасқан екен.

Шыңғыс ханның мүсінінен бастап, қазақ халқының тарихы жазылған суреттер мен батырлардың суреті ілінген мейрамхананың ішкі дизайні ерекше көзге түседі. Тіпті даяршылары да келген қонақтарды ұлттық киімде қарсы алады.
Атап өтсек, ас мәзірінде өзіміз білетін «бешбармақ», «сірне», «сүр ет», «қазы-қарта, жал-жая» атты ұлттық тағамдардан бөлек аты таңсық «жаубүйрек», «қарын бүрме», «тас қарма», «мұз-от қазан» сынды тағамдар мен салт-дәстүрімізге сай ұсынылатын табақтардың түрлері бар екен. Мысалы «төре табақ», «күйеу бала табағы», «бала табақ», «құда табақ» және «кежім табағы». Сонымен қатар, қымыз, шұбат, саумал, айран сынды ұлттық сусындармен бірге құрт, ірімшік, қызыл ірімшік, тары, кілегей ұсынылған. Тіпті шайды да түрлендіріп беретін мейрамханада ұлттық «қаймақ шай» мен «тары шайы» түрлері бар екен.
Қазақ халқының тамақ әзірлеу тарихына тоқталған Болат Бапайұлы бұл мейрамханадағы ұлттық тағамдардың өзіндік ерекшеліктерін атап берді.
Оның айтуынша «Жаубүйрек» тағамы ежелгі қазақтардың батыр болуына үлес қосқан сынды.
«Жаубүйрек» асына жаңа сойылған малдың жүрегін, бүйрегін, бауырын бүйен қарынға салып асады. Малдың әр мүшесінің дәрумендері адамның ағзасына күш қуат береді. Сондықтан көне заманда ер азаматтарымыз қуатты, күшті болсын деп, осы тағамды әзірлеген.

«Көмбе қарын» дегеніміз бір малдың етін бұзып, өзінің қарнына салып, аузын түйіп, жердің астына көміп, үстінен от жағатын тағам. Бетіне сексеуілді жағып, бір түнге қалдырады. Ол заманда тау сарымсақтары болған, соны салып дәмдеп қояды. Ертеңінде қарынның ішіндегі ет сорпасымен былқып пісіп тұрады. Бұрынғы кездері ыдыс болмаған жағдайда осылайша малдың қарынын ыдыс ретінде қолданып, оған тамақ пісіре білген. Қазіргі таңда енді бұл тағамды арнайы ыдыстарда жасайды.
Көне заманда сүтті де ерекше әдіспен ішкен. Қой сүті – қорықтық ретінде мал жаюшыларға керемет азық болған. Қойды сауып алысымен қыздырған тасты сүтке салып жібереді.
«Тас қарма» тағамы қазір әрине басқа әдіспен жасалады. Бірақ кезінде тағы да сол ыдыс жоқ кезде тастың үстіне сексеуілді жағып, ол қызған соң үстіне жұқалап кесілген еттерді қақтаған. Бұл тамақ бүгінгі кәуаптардан да дәмді болған», – дейді Болат Бапайұлы.
Ал «мұз-от қазан» тағамын тілшілер үшін арнайы Айбын аға өзі даярлап, жасалу жолын мен тарихын баяндап берді.

«Мұз-от қазан» тағамының тарихына көз жүргіртсек, Шыңғыс хан әскерімен өзен бойына тоқтаған кезде мұздар қатып тұрған екен. Сонда аш қалмас үшін әлгі мұздарды ойып, әскерлер бастарына киіп жүрген дулығаны мұзға толтырып, үстіне шикі етті қойып, тау сарымсағын қосып, отқа қайнатқан. Осылайша сорпа ішіп, ет жеген.
Бертін келе қытай, жапон халықтары осы тағамды әрі қарай дамытқан. Негізінен алар болсақ, бұл да біздің ұлттық тағамның бір түрі. Әрине бүгінгі таңда жасалу әдісі де, қосылатын құрамы да кішкене өзгерген. Бұл да бір ата-бабаларымыздың ыдыс-аяқ, жағдай жоқ кезде тағамды даярлау білгендіктері. Сол дулығаға етті қақтап та жеген», – дейді Айбын Әубәкірұлы.

Сонымен қатар, «Тэмуджин» мейрамханасы Түркия мемлекетінің Конья қаласында өткен аспаздар жарысында жүлделі орынға ие болған. Байқауда мейрамхананың фирмалық тағамы «Тэмуджин» ассортиі ұсынылған. Бұл тағамға дәрумендері мол барлық еттің түрлері қосылады екен. Біз дәріптеп жейтін жылқының еті неге даярланбады десеңіздер, түркі халқы жылқының етін жемейді. Сондықтан байқауға басқа тағам даярлауға тура келген. Бірақ аспаздар шеберліктерін көрсетіп, соңында жүлделі орын қазақстандық мейрамханаға бұйырған.

Жоғарыда аталған табақтардың түрі «Кежім табақ» туралы айтар болсақ, бұл тарихта жиі кездеспеген табақ түрі болып саналады. Табаққа бір қойдың еті бүтіндей бас-сирағымен бірге салынады. Тарихта Абайдың әкесі Құнанбайға Шәку атты бай ұсынған деп жазады. Бүгінде сол табақты жаңғыртып, қазақ халқына ұсынып отырған осы «Тэмуджин» мейрамханасы.
Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.
Өрт сөндіргіш, дәрі қобдишасы, апат белгісі: 2026 жылы Қазақстанда көлікте қандай заттар болуы керек