"Кеше үйлер құлаған жоқ қой": Құрылыс вице-министрі жер сілкінісі кезіндегі ғимараттардың сапасы туралы айтты
Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин журналистерге жер сілкінісі кезінде қираған сапасыз үйлер үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
"Кеше үйлер құлаған жоқ қой. Бұл мәселе бойынша шаралар күшейтілді. Жедел жауап беру, тексеру, қатайтудың басқа нормативтері қабылданады", – деп атап өтті Тимур Қарағойшин.
Вице министр Алматыда мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы органдары және төтенше жағдайлар департаменті таяуда заңнама негізінде кәсіпкерлерге қолдау артқанын, сол себепті әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ешқандай шара қолдана алмай жатқанын баса айтты.
Министр орынбасары жаңадан салынған үйлердің құрылысына және сапасына кім жауап беретінін атап шықты.
"Бірінші кезекте, жобалаушы құрылыстың сапасына жауап береді. Құрылыс сапасы нақты жүйеленген жобаға сәйкес жасалуы қажет. Ол дұрыс жобалануы керек. Екіншіден, мұндай құрылыстар үшін белгілі бір объектілер бойынша сараптама жүргізген сарапшылар жауап береді. Үшіншіден, құрылысшылар жауапты болуы керек. Сондықтан ғимаратты салу кезінде біздің құрылысшылар жобаны ұстанып, дұрыс және сапалы құрылыспен айналысуы керек", – деп нақтылады министрдің орынбасары.
Сонымен қатар журналистер жер дүмпуі кезінде қалтарыстардың беріктігі қанша болуы керек деп сұрақ қойды.
"Кеше 4-тен 5 балға дейін болды. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің бәрі жақсы қалыпта тұр", – деді Тимур Қарағойшин.
Тимур Қарағойшин, ең әуелі, үйлерді тұрғызбас бұрын қалалық әкімдік тікелей жауап беретінін ескертті. Алайда әкімдіктің және мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының құрылыс мердігерлеріне пәрмені жүру үшін заң жобасы әзірленіп жатқанын, қазір ол талқылау кезеңінде екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, вице министр ҚазҰУ жатаханаларындағы жарықшалардың неден пайда болғаны туралы тексеріс болғанын айтты.
Оның айтуынша, жарықшалар тек жер сілкінісі кезінде емес, бір жыл бұрын жүргізілген тексеріс кезінде анықталғанын еске салды.
"Тексеріс уақытында жатақханаларда ішкі жұмыстар болғаны анықталды. Сондықтан оның зілзала кезінде пайда болды деп айта алмаймыз", – деді вице министр Тимур Қарағойшин.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда жер сілкінісі болды. Астана уақытымен 00 сағат 09 мин 02 секундта алматылықтар қатты жер сілкінісін сезді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан соң тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады. Ал ТЖД дерегіне сәйкес алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болмайды, сондықтан дүрлігудің қажеті жоқ.