Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Келінжан” сериалының актері Назар Сұлтанбаев: Монтажер болып жүріп аяқ асты актер болып кеттім

“Келінжан” сериалының актерлері Назар Сұлтанбаев, Дәулет Өсербаев, Рүстем Жаныаманов бірге сұхбат берді. Актерлер сериалға қалай келгенін, өмірде қалай араласатынын айтты. Қызықты оқиғаларын бөлісті. 

Бұл туралы “Түнгі хабар” бағдарламасында айтылды.

Назар Сұлтанбаев пен Дәулет Өсербаев, Рүстем Жаныамановтарды көрермен өмірде де сериалдағы есімдері арқылы таниды. Қылыш, Мәдөш есімдері көрермен құлағында жатталып қалған. Алайда актерлер бұдан өзге де кино, сериал, туындыларға түсіп үлгерді. 

Мәселен, Назар Сұлтанбаев қазір каскадерлікпен айналысып жүр. Бұйырса шетелге шығуды армандайды.

“Мен екі жылдан бері каскадерлікпен айналысып жатырмын. Актерліктен бөлек кәсіби түрде каскадермін. Шетелге шыққан жоқпын. Бірақ бұйырса ол да болып қалар. Мен негізі режиссер, монтажер болып жүрген адаммын. Аяқ асты актер болып кеттім. Келінжанның монтажын жасап жүргенмін. Продюсеріміз бір рольге түсіп берші деді. Келістім де, түсіп бердім. Содан әрі қарай актер болып кеттім”, – дейді Сұлтанбаев. 

Ал Дәулет Өсербаев өмірде кәсіби спортшы. 2015 жылы Ресей мен Түркия жастар арасындағы әлем чемпионатында чемпион атанған. 

“Мені көпшілік спортшы деп емес, актер деп таниды. Мен негізі спортшымын. Бірақ қазір кәсіби түрде спортпен айналысуға уақыт жетпей жатыр. Ережесіз жекпе-жекпен айналысамын. Киноға спортшы жігітті іздеп, мені шақырған. Содан әрі қарай актер болып кеттім. Алғашында рольде ойнау қиын болды. Кейін үйреніп қалдым. Бірақ көпшілік мені танығаныммен, аты-жөнімді білмейді”, – дейді ол. 

Рүстем Жаныаманов та үлкен ер адамның рөлін сомдағанда қиналғанын жасырмайды. Кейіннен әріптестері, режиссердің көмегімен рольге кіргенін айтады. 

“Өмірде мені Қылыш, Сержан деп кинодағы аттарыммен атайды. Бәріне құлағым үйреніп қалған. Өмірде Айсарамен, Балқиямен бәріміз дос болып араласамыз. Әріптестік қатынас бар. Арамызда үлкеніміз Назар. Аға-іні деп сыйласамыз”, – дейді Жаныаманов. 

Рүстем мырза өз өмірін мысал етіп, қыз бен жігіт арасындағы достық қатынасқа қатысты ойын айта кетті. 

“Әйелім екеуміз дос едік. Бірге оқыдық. Дос болып араластық. Кейін қыз-жігіт болып жүріп үйлендік. Қазір үш баламыз бар. Сондықтан қыз бен жігіттің арасындағы достық уақытша ма деп ойлаймын” –дейді актер. 

Ал Дәулет Өсербаевтың айтуынша, достықтың сақталуы не махаббатқа ұласуы не ұласпауы жігітке байланысты. 

Актерлер тікелей эфирде импровизациялық көрініс көрсетіп, көпшіліктің бағасын алды. 


Талқылау