Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қайғы мен өлімнің ортасындағы отшашу": Қазақстандықтар елордада ұйымдастырылған отшашуларға байланысты наразылық білдіруде

Қазақстандықтар 6 маусымда елорда күніне орай ұйымдастырылған отшашуға байланысты жаппай наразылық білдіруде. Олардың қатарында белгілі қоғам қайраткерлері, блогерлер мен әншілер де бар. 

отшашу

Коронавирус белең алып тұрған кезде астана күніне орай отшашудың атылуы көптің сынына ұшырады. Сөздерінше, бұған жұмсалған ақшаны дәрі-дәрмек сатып алуға арнау керек еді. Сондай-ақ наразы жұрт қазір той тойлайтын уақыт емес екенін жарыса айтуда. 

Мысалы саясаткер Мұхтар Тайжан отшашудың елорда күніне орай атылуын құптамайтынын жеткізді. 

"Кешегі биліктің аспанға салютпен от шашуы өте бұрыс әрекет болды деп санаймын. Бұндай қиын, қайғылы заманда той тойлау - халықтың мұнын таптауымен тең болды. Бір адамның туған күнін бүкіл елдің көңілінен жоғары қоюға болмайды. Тағы да биліктің әрекеті халықтың көңіліне қарама қарсы болды", - дейді Тайжан.

Оның бұл сөзімен блогер Нүркен Халықберген де келісетін көрінеді. Ол халық қайғыдан қан жұтып отырған сәттегі әкімдіктің бұл қылығын қатты сөкті. 

"Мұндай әрекетке барғандардың ойында не болғанын тіпті елестете алмаймын. Біреу жақынынан айырылып, зар жылап отырған кезде бүкіл қалаға жар салып отшашу атқан не сұмдық? Бұл жағдайдан биліктегілердің соншалықты мейірімсіздігін аңғаруға болады. Үйдің суық-жылысын қыс түскенде білерсің, кімнің жақын-алысын басыңа іс түскенде білерсің. Нағыз ақын-жыраулардың заманы келмеске кеткені қандай өкінішті. Өйткені шындықты бетке басып айтатын ешкім жоқ", - дейді блогер. 

Отшашу ұйымдастырғандарды сынағандардың қатарында танымал әнші Димаш Құдайберген де кездесті. 

"Бұл отшашу ненің құрметіне? Біздің еліміздің коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша алдыңғы орынға шығуын тойлап жатырсыздар ма? Адамдарға оттегі құрылғылары жетіспей жатса, біреулер Нұр-Сұлтанда отшашу атуда. Осы қарқынмен жалғастыра берсек, келесі жылы елорда күнін тойлауға адам қалмайды", - деп жазыпты өнерпаз. 

Белгілі журналист Арман Шораев желідегі парақшасында аталмыш жағдайға байланысты бір суретпен бөлісіпті. Жазбада Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның өзінің 94 жасқа толуына орай барлық отшашулардан бас тартқаны айтылған. Бұл туралы BBC басылымы жазған көрінеді. 

Өз кезегінде елорда әкімдігі бұл жағдайға байланысты пікір білдірді. 

"Астана күніне отшашу жыл басында жоспарланған болатын, демеушілер материалдар сатып алып, орындарды анықтады. Отшашуға бюджеттен қаржы бөлінбеген – шара демеуші қаражаты есебінен ұйымдастырылды. Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған", - деп атап өтті қалалық мәдениет басқармасының өкілдері.

Талқылау