"Қазмұнайгаз" АҚ жұмыс талап еткен мұнайшылардың талабын жаңаөзендіктердің мүддесіне қайшы деп атады
"Қазмұнайгаз" Ұлттық компаниясы" АҚ ереуілге шыққан мұнайшылардың талаптары жаңаөзендіктердің мүдделеріне қайшы келетінін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"БерӘлидің" бұрынғы жұмысшыларының басты талабы – "Өзенмұнайгаз" АҚ ұжымына жұмысқа орналасу. Топқа бұл шарттың орындалмайтыны туралы түсіндірілді. Ұйымда жұмысқа кезекте тұрған 9 мың адам қабылданған алгоритмдер бойынша коммуналдық кәсіпорындарда жұмыс істеп, бос орын пайда болғаннан кейін кезектілік бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ-на жұмысқа орналасатыны туралы айтылды. Осылайша, келіссөзге қатысушылардың талаптары қала тұрғындарының мүдделері мен құқықтарына қайшы келеді", - дейід ҚМГ баспасөз қызметі.
Ақпаратқа сүйенсек, 11 сәуірден бастап Астанада комиссия жұмысын бастап, оның құрамына Энергетика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ, "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ, сондай-ақ "БерӘли" компаниясының 10 адамнан тұратын тобы кірген. Бүгінгі таңда ҚМГ жұмыс талап еткен азаматтармен комиссияның үш отырысын өткізгенін мәлімдеді.
Наразылар сонымен бірге мердігер компаниялармен келісімді ұзақ мерзімге жасауды талап еткен. ҚМГ келісімшартты "3+2"схемасы (үш жылдық келісім, қосымша 2 жылға созуға болады) бойынша әзірлеуге дайын екенін білдірген.
ҚМГ еңбекті қорғау мен ұйымдастыру, бірыңғай тариф-біліктілік анықтаманы қолдану, тендер процедуралары мәселелері бойынша тәуелсіз комиссия құру мәселесін қарастыратынын хабарлады. Келіссөз әлі жалғасып жатыр.
- "Жаңаөзен оқиғасынан сабақ алмаған": Сарапшы Жаңаөзендегі толқулардың негізгі себебін атады
- Жұмыссыз қалған жаңаөзендік мұнайшылардың мәселесі Астанада шешілді ме?
- Екі мыңнан аса тұрғын жиналған: Жаңаөзен әкімі митингке шыққандарға видео арқылы үндеу жасады
Еске салайық, 11 сәуірде Жаңаөзен қаласындағы "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының жұмыстан қысқарған 82 жұмысшысы 10 сәуірде Астанаға келіп, энергетика министрлігінің алдында түнеп шыққаны белгілі болған. Олар министрліктен жұмыс мәселесін шешуді талап еткен.
Сол күні “ҚазМұнайГаз” мұнайшылармен келіссөз жүргізген. Бірақ екі тарап бір келісімге келе алмаған.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жаңаөзендік мұнайшылардың Астанада дүрбелең туғызу үшін ереуілге шыққанын айтқан.
11 сәуірде Полиция энергетика министрлігі ғимаратының маңында наразылық білдірушілерді қоршап, барлығын ұстап әкеткен. Сол күні кешке Жаңаөзенде Астанаға барып, наразылық білдірген мұнайшылар қамауға алынған соң әкімдік алдына жиналған халық оларды босатуды талап еткен.
12 сәуір күніне қараған түнде Астанада наразылыққа шыққан мұнайшылардың өкілдері өздерінің босатылғанын айтып, барлық митингке қатысушылардың Маңғыстауға қайтарылатынын мәлімдеген.
12 сәуір күні таңертең Астанада митинг өткізіп, кейін қамауға алынған жаңаөзендік мұнайшылар видео арқылы үндеу жолдап, өздерінің аман екендерін және жолға шығып бара жатқандарын айтқан.
14 сәуірде үйлеріне аман-есен келгенін айтқан мұнайшылар “Өзенмұнайгаз” кеңсесі алдынан талаптары орындалғанша кетпейтінін мәлімдеген.