Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақтың көңіл-күйі жанымды ауыртады": Қасымхан Бегманов нағыз ақын қандай болу керектігін айтты

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, түрлі байқау мен сыйлықтардың лауреаты, ақын Қасымхан Бегманов Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, Мұстафа Шоқайды "фашист" деп атағандармен не себепті соттасқанын, қазіргі әндерге көңілі неге толмайтынын және нағыз ақын қандай болу керек екендігін айтты. Биліктің сөзін сөйлейтін қаламгерлерден жүрегім айниды дейтін ақын олардың өзінен бұрын сөзі өлетініне сенімді. 

Қасымхан

Сурет: жеке архивінен

- Қасымхан аға, «Кеше. Бүгін. Ертең» деп аталатын еңбегіңізден бөлек, алашордашылардың да өмірін зерттеген ақынсыз. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильміңіз де шықты. Мұстафа Шоқай өмірін зерттеуіңізге не түрткі болған еді?

- Артымыздан өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа мемлекетшілдіктің асқақ рухын сіңіру үшін не істеу керек деген идея ойымнан шықпай қойды. Содан алашордашыларды зерттеп, талдай, талқылай келе Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мен тағдыры мені қатты толқытты. Мені Мұстафа Шоқайдың  "Түркі халықтары тұтастығын сақтап, бірге болу керек" деген идеясы қатты қызықтырды. Мұстафа Шоқайды   он жылдай уақыт зерттеп, оқыдым, ол жайлы жазылған барлық еңбектермен таныстым. Оның өмірін, жүріп өткен жолдарын аралап, зерттеуді жөн көрдім. 

Мұстафаның әлеміне кіру үшін сегіз елге барыппын. Туған жері - Наршоқыдан бастап, Қазақстанның бірнеше облыстары мен Ташкент, Ферғана, Қоқан, Санкт-Петербург, Баку, Тбилиси, Батуми, Кутаиси қалаларына, Түркияның Стамбұл қаласына, Францияның Париж, Шелль қалаларына, тіпті Германияның астанасы Берлинге дейін бардым. Өзі жиырма жылдай тұрған, Париждің маңындағы  Ножан-сюр-Марн қаласындағы пәтеріне, қызмет атқарған жерлеріне де бардым. Парижде Мария  Шоқаймен пойыздан алғаш түскен жерінен бастап аралап көрдім. Араламаған архивім жоқ, Сөйтіп, оның трагедиясын жүрегіммен сезіндім. Ал оның әйелі Мария Шоқайды түсіну үшін күнделігін түгел оқу керек. Бір сөзбен айтқанда, «Мұстафа Шоқай жолымен» деген тарихи-танымдық кітапта барлығы толық баяндалады. Деректі фильмде осы айтқан жерлерін түгел көрсетіледі. Мұстафа Шоқай туралы "Шерлі Түркістан" атты  дастан жаздым.

Мұстафа Шоқай тақырыбы – мәңгілік. Оның идеясы да мәңгілік. Сол себептен идеясынан басқа елдер өлердей қорқады. Тіптен әлі күнге дейін Мұстафа Шоқайды сатқын, фашист деп жазып жатқандықтары сондықтан.

- Өскемендегі басылымның бірі деректі фильмнен кейін Мұстафа Шоқайды «қазақтың  Власовы, фашистердің құйыршығы» деп үлкен мақала жариялаған екен (Денис Данилевский, Сергей Михеев – ред.). Оны сотқа бердіңіз, дауластыңыз. Мұстафа Шоқайды қаншалықты ақтап шыға алдыңыз?

- Әрине толықтай ақтап шықтым. Менен ресми кешірім сұрады. Соттың шешімі бойынша Қазақ халқынан кешірім сұратып, жүз мың теңге айыппұл төлеттім. Қазақтың ұлы тұлғасын қорлағандардың әрекетіне шыдай алмадым. Кеңес үкіметі Шоқайды аса қауіпті жау санады. Білетіндер бар болар, Сталин «Номер первый враг  СССР – Мустафа Шокаев» деген қаулы шығарған. Сөйтіп Мұстафа Шоқайды «фашист» деген Өскеменнің шовинистерін сотқа бердім. Әңгіме көп. Соңында соттан жеңіп, жоғарыда айтқанымдай айыппұл төлеттім. Біз  Мұстафа Шоқайдың есімін қаралауға жол бермейміз.

- Олардың мақсаты не болған сонда?

- Олар Мұстафа Шоқайдың идеясынан қатты қорқады дедім ғой. Сондықтан оны сатқын етіп көрсеткісі келеді. «Гитлермен кездескен», «фашистермен жүрген» деп Мұстафа Шоқайды оның тобығына да татымайтын біреулермен салыстырады. Бірақ оның бәрі жала. Мұстафа Шоқай өмірде сирек кездесетін таңғажайып тағдыр иесі. Мұндай тұлға сирек қайталанады, тіпті жоқ десек те болады. 

- Мұстафа Шоқай фашист десе, қазақ бірінші болып сеніп қаламыз....

- Өйткені санамыз төмен, өз тарихымызды білмейміз. Оқымаймыз ғой. Бізді басқа елдің идеясы илеп, жүндей түтіп жіберген. Біздің ұлттық идеямыз, салт-дәстүріміз, тіліміз жоғары деңгейге шықпайынша көрген күніміз осы. Біз ауылдық, аудандық, облыстық деңгейдегі алашордашыларды әлі күнге дейін түгендеп, оларға құрмет көрсете алған жоқпыз. Біздің айтып жүргендеріміз, тек республикалық деңгейдегі алашордашылар ғана. 

Ілия Жақаонв- Осы уақытқа дейін 100-ге жуық әнге сөз жазыпсыз. Бірақ «Қазіргі әндерге көңілім толмайды» деп айтқаныңыз бар. Қазір де әндерге сөз жазып жүрсіз бе? 
- Атақты композитор Ілия Жақановтың он шақты әніне сөз жаздым. Шәмші Қалдаяқовтың қасында атқосшы болып жүріп, сөзін тыңдағаным бар. Ол кісі үш-төрт күн үйімде қонып, сырласқан сәттеріміз бар. Сондықтан мен ұлы тұлғалардың мектебінен өткеннен кейін әннің әрбір сөзіне мән беремін. Әннің халықтың жүрегіне жете ме, жетпей ме соған жауап беруім керек. Осы күні әнге сөз жазып жүрген  кейбір  кездейсоқ жазармандар осыны ойлауы керек. Қазір дені дұрыс ән тыңдай алмайсың. Адам төзгісіз әндер айтылып жатады. Осыған мән бермейтіндерге қарап шын мәнінде жүрегім ауырады. 

Қазір де сөз жазып беруімді көп сұрайды, бірақ оған уақытым тапшы. Баяғыда Мейрамбек Беспаевтың орындап жүрген «Аяулым» әнінің сөзін жазуға үш күн кеткен. Адам өзі есейген сайын уақыт тапшы бола береді екен. 

- Сіздер әндерге сөз жазсаңыздар, мүмкін ақынсымақтардың қатары сейілетін шығар?
- Халтурщиктерден  ұят кеткен ғой. Сондықтан олар тыйылады деп ойламаймын. Біздің қоғамды  жауапсыздық жаулап алған. Айтатын әнінің сөзіне мән бермейтін жастар көп. Сол әндерді тыңдайтындарға да таңқаламын. Деңгейлері сондай болған соң тыңдайтын шығар.

- Бірақ мәні жоқ әнді тыңдағанда еш айып жоқ демекші, сөзіне назар аудармайтын танымал әншілер ше?
- Мағынасы жоқ әндерді айтатын танымал әншінің де сана-сезімі соған ғана жетіп тұрғаны ғой. Белгілі әншілердің орындап тұрған кейбір әндерін тыңдағанда жағаңды ұстайсың. Ондайларды тыңдамаймын, бірден өшірем...

- Сіздің бітірген мамандығыңыз инженер екенін білеміз. Ал жазу-сызуға не әсер етті? 

- Политехте оқып жүргенімде тұңғыш өлең кітабым жарық көрген. Онда мен Машина жасау факультетінің студенті едім. Бала кезден инженер болуды армандағанмын негізі. Кейін бір қызға ғашық болдық та, солай өлең жазып кеттік. 

Қадыр Мырза Әлі

- Сізді  сағыныштың ақыны деп атайды. Бойыңызда не нәрсеге деген сағыныш қалды?

- Сезімнен туған өлең  ғой. Туған жерге, алғашқы махаббатқа деген сағыныш! Өткен өмірді, ата-ананы, балалық шақты аңсау. Бала кездегі достарды аңсау, бүгінгі күндегі тіршілгіңе қанағаттанбау. Кеудеңді кернеген, жүрегіңді тербеген мәңгілік сағыныш бойдағы айықпайтын ақындық дерт қой бұл. 

- Не нәрсеге көңіліңіз толмай жүр?

- Бүгінгі Қазақтың көңіл-күйі жанымды ауыртады, күндердің зымырап өтіп жатқанына көңілім толмайды. Тіл, әдебиет, ұлт тағдыры көңілімді қатты алаңдатады. Кеше ғана болған Арыс оқиғасы жүрегімді сыздатады. Арыстағы алғашқы снаряд 09:19 минут өткенде жарылды. Содан бастап барлық жұмысымды жинап қойып, Түркістан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сырттай көмек көрсеттім. Әлеуметтік желілерге арнайы бірнеше посттар жаздым. Нағыз ақын осындайда халықтың мұң-мұқтажын жоқтауы керек. 

- Арыс оқиғасына мемлекет табиғи апат деп ақталған еді, ал халық билікті кінәлайды. Сіз ше, кімді кінәлайсыз?

- «Халық айтса, қалып айтпайды» дейді. Халық не айтса да, дұрыс айтады. Арыс оқиғасы осы сала басшыларының жауапсыздығынан болды. Қаншама уақыт бойы бомбаның үстінде отыру сұмдық емес пе? Ол кез-келген кезде жарылып кетуі мүмкін еді ғой. Арыс оқиғасын өз көзіммен көрдім. Бірақ қазіргі салынып жатқан үйлеріне, Өмірзақ Шөкеев бастаған штаб жанқиярлық еңбек атқарып жатыр. Әйтеуір соған ризамын.

- Қазір ақындарымыздың көпшілігі «сарай ақыны» болып кеткен деп айтып жатады. Яғни, қоғамдағы мәселені көтеруден жүрексініп, махаббатты жырлаушылар көп екен. Бұған не айтар едіңіз? 

- Ақын биліктің сөзін сөйлеген күннен бастап ол – сарай ақынына айналады. Иә, бізде сарай ақындары бар. Олардан менің жүрегім айниды. Ел де жақсы біледі кімдердің сарай ақыны болып жүргенін. Ақын халықтың сөзін сөйлеп, қайғы-дертін  жырлауы керек. Ал сарай ақынының өлеңі өзінен бұрын өледі. Жағымпазданып, жалпақтап атақ алып, үлкен астаудан жем жеу үшін сарай ақынына айналу ол – өте ұят нәрсе. Ондайларды қолдамаймын, оларды естігім де, көргім де келмейді

 

Сұхбаттасқан Анар ДӘУКЕН


 

Талқылау