“Қазақтелеком” компаниясына қатысты бірден үш тергеу жүргізіліп жатыр
“Қазақтелеком” компаниясына қатысты бірден үш тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: telecom.kz
2025 жылдың ақпан айында Астана қалалық бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің департаменті "Қазақтелеком" компаниясына қатысты тергеу бастағанын мәлімдеді. Агенттік мәліметінше, компания сымды интернет қызметтерін ұсыну барысында заңбұзушылықтарға жол берді деп күдікке ілінген. Тергеу 2025 жылғы 28 ақпаннан 23 мамырға дейін жалғасады және 2023 жылдың басынан 2024 жылдың маусым айының соңына дейінгі кезеңді қамтиды.
Сонымен қатар 2025 жылдың 29 қаңтарынан бастап бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 51% үлесі "Қазақтелеком" компаниясына тиесілі Kcell ұялы байланыс операторына қатысты тергеуді қайта бастады. Аталмыш тергеу алғаш рет 2022 жылдың жазында басталып, кейін түрлі себептермен тоқтап қалған.
Бұған қоса, 2023 жылдың желтоқсан айынан бері "Қазақтелеком" компаниясына қатысты тағы бір тергеу жүргізіліп жатыр. Компания 2023 жылдың мамыр–шілде айлары аралығында байланыс қызметтеріне баға белгілеу және оны ұстап тұру бойынша бәсекелестермен келісілген әрекеттер жасады деген күдікке ілінген.
Еске салсақ, бұған дейін "Қазақтелеком" филиалының басшысы 460 миллион теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынған еді.