Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ": Тоқаев "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізінің келешегі туралы тоқталды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Қазақстанның "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізі туралы айтып, осы бағыттағы ықпалдастықтың келешегіне өз бағасын берді. Бұл туралы ол ресейлік “Известия” газетіне берген сұхбатында айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ақылы жолдар

Журналист батыс елдері Ресейге бұрын-соңды болмаған мөлшерде санкция салып, бұл шектеулер көлік-логистика саласына да әсер ететінін айтқан. Соған қарамастан ол Ресей мен Қазақстанның аталған саладағы ынтымақтастығы табысты өркендеп келе жатқанын атап өтеді. Тоқаев мұны Қазақстанның теңізге шығатын жолы жоқ екенімен түсіндіреді. Сондықтан Парсы шығанағындағы айлақтарға дейін жетіп, одан әрі Үндістанға шығатын "Солтүстік – Оңтүстік" көлік дәлізі зор мүмкіндіктерге жол ашады әрі еліміздің экономикалық дамуын өрге сүйрейтін локомотивтің біріне айнала алады, дейді ол.

Аталған бағыт Еуразия құрлығындағы көлік қатынастарының құрылымын, тіпті кооперация мен өзара қарым-қатынас деңгейін түбегейлі өзгертуі де мүмкін.



"Солтүстік – Оңтүстік" дәлізін дамыту мақсатында тараптар инфрақұрылымды жаңғырту, терминалдардың қуаты мен жылжымалы құрамның санын арттыру, әкімшілік кедергілерді алып тастау және тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін үйлесімді жұмыс жүргізіп келеді. Қазақстан мен Ресейдің өзара көлік байланысын, соның ішінде "Солтүстік – Оңтүстік" бағытын  нығайту, сайып келгенде, өзара сауда мен инвестиция көлемінің ұлғаюына оң ықпал етері сөзсіз. Бүгінде халықаралық ынтымақтастық бағытында көлік-логистика саласының маңызы артып келеді. Шын мәнінде, әлемде көлік бағдарларына, логистикаға бақылау орнату үшін қызу бәсеке жүріп жатыр. Қазіргі кезде Еуразияның жаңа көлік құрылымы қалыптасуда. Мұны ойдағыдай жүзеге асырсақ, қатысушы тараптардың бәрі де экономикалық әрі саяси пайдаға кенелмек”, – деді Тоқаев өз сұхбатында.

Мемлекет басшысы Қазақстан бар мүмкіндігі мен ресурсын жұмылдырып, сенімді логистикалық хаб ретінде қызмет көрсететінін жеткізген. Тоқаев сонымен қоса тасымалданатын жүк көлемін арттыру үшін өз аумағымыздағы теміржол және автомобиль жолдарының талапқа сай келмейтін тұстарын реконструкциялауға әзір екенін жеткізген.

Талқылау