Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамайтындарын ашық айтқан: Петропавлда сепаратистік ұйым өкілдері сотталды
Петропавлда Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтып, өзара "Халық кеңесі" ұйымын құрған сепаратистік пиғылдағы төрт азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Ел ішіне іріткі салушылардың жетекшісі 9 жылға, ал белсенді үш мүшесі 7 жылдан жаза арқалады. Ұйымның қалған мүшелері сотқа куәгер ретінде қатысқан.
“Біздің қолымызда мамандардардың зерттеуі, куәландыратын барлық құжаттар бар. Фактілер дәлелденді. Сарапшылардың, саясаттанушылардың кешенді сараптамасы, бұлтартпас дәлелдерін ескере отырып, сот үкім кесті”, – деді Петропавл сотының судьясы Алмас Жұмағазин.
Алауыздықты ұйымдастырушы деп танылған 48 жастағы слесарь тоғыз жылға сотталды. Ал 37, 40 және 52 жастағы үш әйелдің әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Олар қауіпсіздікті ыдыратуға үгіттеу, елдің біртұтастығы мен тұтастығын ыдыратуға насихаттау баптары бойынша кінәлі деп танылды.
Жұртшылықтың наразылығын туғызған бұл оқиға наурыз айында болған. Петропавлдың 19 тұрғыны өздерін Кеңес Одағының мұрагерлеріміз деп жариялап, "Халық кеңесі" ұйымын құрып, Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын ашық айтқан. Бұл әрекетін бейнетаспаға түсіріп, ғаламторға жариялаған. Көп кешікпей сепаратистік пиғылдағы олардың әрекеті тергеліп қамауға алынған болатын.