Қазақстанның бірнеше қаласында бұрынғы уақыт белдеуін қайтару бойынша митинг өткізуге рұқсат берілмеді
Қазақстанның бірнеше өңірінде жергілікті билік бұрынғы уақыт пен уақыт белдеуін қайтаруды талап ететін бейбіт митингілерді өткізуге рұқсат бермеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: instagram.com/ridder.live
Белсенділер Қарағанды, Жезқазған, Шымкент, Тараз, Алматы, Талдықорған, Семей, Өскемен, Павлодар, Петропавл және Астанада қоғамдық орындарда пикеттер мен бейбіт жиналыстар өткізуге ниетті екенін мәлімдеді. Жергілікті әкімдіктерге алдын ала хабарламалар берілді.
Қоғам белсенділері 6 желтоқсаннан бастап ай бойы әртүрлі күндер мен уақытта пикеттер өткізуді сұрады.
"Бүгін біз бірнеше қаладан жауап алдық. Рұқсат берілмеуінің себептері әртүрлі: кейбір жерлерде басқа шаралар жоспарланған, кейбір жерлерде дұрыс емес ережелер көрсетілген", – дейді белсенділердің бірі.
Рұқсат ала алмаған белсенділер сотқа шағым түсіргендерін хабарлады.
Өскеменде талап арызды сот қабылдап, бірінші сот отырысы 12 желтоқсанға белгіленді. Талапкерлер уақытты өзгерту туралы шешім заңсыз қабылданған деп есептейді. Қарашаның басында Алматы мен Астана белсенділері митинг өткізуге өтініш білдірген, бірақ олар да қабылданбаған.
Еске салсақ, бұған дейін eGov mobile қосымшасындағы уақытты кейін қайтаруға қатысты сауалнама жоғалып кеткені туралы жазған едік.