Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёлмен келіссөздер жүргізді

Қазақстанға мемлекеттік сапармен Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ел келді. Оңтүстік Корея президентін Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде қарсы алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді.

“Бүгінгі сапардың қос тарап үшін де мән-маңызы зор. Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі мәселелер іскерлік рухта және сындарлы негізде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық. Инвестициялық ықпалдастық жылдан-жылға нығайып келеді. Қазір Қазақстанда Оңтүстік Кореяның капиталы бар 700-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып жатыр. Қазақстандағы корей диаспорасы бұл үдерісте маңызды рөл атқарады. Біз осы жетістіктерді еселеп, қазақ-корей ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз. Бұл сапар екі елдің ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенімдімін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.



Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін жеткізді. 

“Бүгінде елдеріміз арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы”, – деді Оңтүстік Корея президенті.

Келіссөз барысында энергетика, инфрақұрылым, өнеркәсіп, машина жасау, сауда, көлік-логистика, цифрландыру, аэроғарыш өнеркәсібі, қаржы секторы, білім беру, денсаулық сақтау, фармацевтика, туризм, мәдениет, экология және басқа да салалардағы екіжақты ықпалдастықтың перспективалары талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея басшылары Бірлескен мәлімдеме жасады. Екі елдің ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Энергетика саласын дамыту бағытындағы ынтымақтастық туралы келісім;
2. Мұнай-газ және мұнай химиясы саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
3. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі арасындағы электр энергетикасы саласындағы жан-жақты ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрлігі арасындағы маңызды минералдар мен металдар саласындағы жан-жақты ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Корея Республикасының Экономика және қаржы министрлігі арасындағы білім алмасу және даму саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
6. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлігі арасындағы ғылым және технологиялар саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
7. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Республикасының орман шаруашылығы қызметі арасындағы орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Корея Республикасының Персоналды басқару министрлігі арасындағы мемлекеттік қызметтегі персоналды басқару туралы өзара түсіністік туралы меморандум;
9. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Корея Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек министрлігі арасындағы жұмыспен қамту және еңбек саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
10. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Корея Республикасының Қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясы және Корея Республикасының Қаржылық қадағалау қызметі арасындағы банктерді қадағалау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
11. Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Корея Республикасының Қоршаған орта министрлігі арасындағы Париж келісімінің 6-бабы бойынша ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандум.

Талқылау