Қазақстанға қай елдерден туристер көп келеді
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы 6 айында елімізге ең көп саяхатшы Ресей Федерациясынан келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Былтырғы қаңтар-маусым аралығында Қазақстанға 186,1 мың ресейлік турист келген. Қазақстанға ең көп саяхатшы келетін екінші ел – Қытай. Шығыстағы көршімізден елімізге 69 918 адамның табаны тиген. Ал үшінші сатыға Үндістан (53 695 адам) тұрақтады. Сондай-ақ үздік бестіктің қатарында Түркия (30 312) және АҚШ (19 597) елдері бар.
"Елімізге Үндістан, Түркия және АҚШ сияқты елдерден келетін туристер санының артуы Қазақстанның әлемдік туристік картада жыл өткен сайын тартымды бағытқа айналып жатқанын көрсетеді. Біз туристік инфрақұрылымды дамытуды және әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз", – деді Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қаңтар-маусым аралығында елімізге 566,5 мың шетелдік турист саяхаттаған. Бұл 2023 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 50,7 мың адамға көп. 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанға 515,8 мың шетелдік турист келген.
Бұған дейін Димаш Құдайберген Маңғыстау өңірінің туризмін дамытатынын айтқан еді.