Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтарға мемлекеттен 1,4 миллион беріледі: Қайтарымсыз грант алудың шарттары белгілі болды

20 мамырдан бастап 1-лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін Business.enbek.kz порталында гранттар алуға өтінімдер қабылдау басталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Pixabay.com

Республика бойынша бірінші лекте 4500 адамға грант беру жоспарланып отыр. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі. Нысаналы мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту.

Грант көлемі 400 АЕК, яғни, 1 476 800 теңге. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін қажет:

  • Порталда тіркелу;
  • Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімдік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.

Грант алу үшін бірқатар шарттарды сақтау қажет. Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қолданыстағы "кандас" мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуға тиіс. Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін гранттар берудің бүкіл процесі электронды форматқа ауыстырылды. Грант алуға өтінімдерді қабылдау бірыңғай терезе – "Business.enbek.kz" порталы арқылы жүзеге асырылады.

Грантты қажет құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әр мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылай өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына (мансап орталықтарына) бармай-ақ, электронды форматта жасалады.

Еске салсақ, осыған дейін жұмыссыз қалған жағдайда мемлекеттен жәрдемақыны қалай алуға болатынын жазғанбыз. 

Талқылау