Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация жайлы қандай пікірде

Денсаулық министрі Алексей Цой Ресей вакцинасын сатып алу туралы келіссөздер жүргізіп жатқанынан халық хабардар. Вакцина тексерістен өткен бойда тегін және ақылы түрде салынатын болады. Бұдан бөлек 2021 жылдың ақпан айынан бастап қазақстандық ғалымдар коронавирусқа қарсы вакцинаның жаппай өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Ал қарапайым халық вакцина салдыру туралы не ойлайды? Stan.kz тілішісі халық арасында сауалнама жүргізіп, біліп қайтты. 

1-курс студенті Перизат Сырлыбаева вакцина салдыруға қарсы емес екенін және жақындарына салдыруға кеңес беретінін жеткізді. 

"Вакцина салдырамын. Сондай-ақ отбасыма, туған-туыстарыма салдыруға кеңес берер едім. Өйткені, вакцина аурудан сақтану шарасы деп білемін. Егер де тексерістен өткен болса, салдырар едім", - дейді Сырлыбаева. 

Алматы қаласына оқуға түскен Айда  Абдумұхамет екпенің денсаулыққа зияны жоқ екеніне нақты сенімді болса ғана салдыратынын кесіп айтты. Дәл осындай пікірді Аяла Дүйсенәлі де қолдайды. 

"Білуімше, вакцинаны ең бірінші полиция қызметкерлеріне салады. Егер олар сынақтан жақсы өтіп жатса, екпе кері әсерін бермесе, онда мен салдырамын", - дейді Аяла Дүйсенәлі. 



Студент Айдархан Атантаев, керісінше, вакцина салдырмайтынын кесіп айтты. Оған себеп те жоқ емес. 

"Мен вакцина салдырмаймын. Өйткені, мен әлі жаспын. Маған әлі вакцина керек емес деп санаймын. Менің иммунитетім сол вирусқа қарсы тұра алады", - дейді ол.

Мектеп оқушысы Али Сүлейманов вакцина салдыруға ата-анасы рұқсат бермейтінін айтады. 

"Вакцина салдыруға ата-анам қарсы. Өйткені, вакцинаның ішінде тағы бірнеше ауру бар деп айтады", - дейді Али. 

Алматы қаласының тұрғыны Әубәкіров Ерсайын ауруға қарсы иммунитет қалыптастыратын вакцина салдырудан қашпайтынын жеткізді. Өйткені, ресейлік вакцина сенімді әрі мықты болатынына көзі жетеді. 

"Екпе салдырамын. Өйткені, вакцина Ресейден келеді. Ал олар мықты жасайды. Ресейден сатып алу керек. Путин мен Тоқаев сөйлессе, мәселе шешіледі. Олар бір-бірін жақсы таниды. 18-ақ миллионбыз, сатып алу керек. Халқы миллиардтан асатын Қытай емеспіз ғой", - дейді Ерсайын. 

Сауалнаманың толық нұсқасын Youtube каналымыздан көре аласыздар. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК, Сәкен ҚҰЛМАН

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр