Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандықтар үшін қосымша зейнетақы": Еңбек министрлігі жұмыс берушілерді зейнетақы жарналарын төлеуге міндеттеудің себебін түсіндірді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жүйесінің тиімділігін қалай арттыратыны туралы айтты. Жаңашылдықтардың бірі –2023-2027 жылдар кезеңінде жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі-ЖМЗЖ) кезең-кезеңімен енгізу, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Министрлік мәліметінше, бұл зейнеткерлік демалысқа шыққан азаматтарға жинақтаушы жүйеден қосымша зейнетақы төлемін төлеуге мүмкіндік береді.
Тиісті ведомство сондай-ақ бүгінгі күні Қазақстанда базалық және ынтымақты зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқанын жеткізді. 

"Зейнетақының ынтымақты бөлігі жыл сайын азаятыны белгілі, өйткені оны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін жасалған еңбек өтілі ескеріледі. Бұл ретте жұмыскердің 10% БЖЗҚ-ға жарналары тиісті зейнетақы мөлшерін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз", – делінген министрлік ұсынған ақпаратта.



Сонымен қоса Қазақстанда ЖМЗЖ енгізу халықты зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігін мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуге мүмкіндік беретіні, сондай-ақ жоғалған табысты барабар зейнетақы төлемдерімен алмастыруды қамтамасыз етуге ықпал ететіні атап өтілген.

ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасында 5 жыл ішінде ЖМЗЖ кезең-кезеңмен енгізу көзделген.

"Бұл шара зейнетақысының мөлшері олардың зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын 1975 жылдан кейін туған қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. Олардың зейнетақысы үш компоненттен құралады: мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – БЖЗҚ-ға өз аударымдары есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы-жұмыс берушілер жарналары есебінен", – деп қосты Еңбек министрлігі.

Талқылау