Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар қандай жағдайда банкроттық жариялай алады

14 желтоқсанда мәжіліс қабырғасында "Жеке тұлғаларды банкрот деп тану" туралы заң жобасы қызу талқыланды. Оған сәйкес банкрот деп танылған азаматтар бес жылға дейін кредит ала алмайды. Сонымен қатар борышкердің кепілдікте тұрған жалғыз баспанасын несие берушілер алып қоюға құқылы. Кейбір нормалармен келіспеген депутаттар өзгерістер енгізу керек деп заңды екінші оқылымға қалдырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

банкрот

Қазақстан азаматтары өздерін үш жағдайда банкрот деп тани алады. Біріншісі – соттан тыс банкроттық. Оған банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы қарызы 4 миллион 900 мың теңгеден аспаған азаматтар өтініш бере алады. Ресми кірісі жоқ немесе 36 018 теңге табыс табатын тұрғындар кіреді. Айта кетері бұл санаттағы борышкерлердің ешқандай мүлкі болмауы керек.

Министрдің сөзінше, азаматтарды банкрот деп танымас бұрын борышкерге қатысты барлық деректер жан-жақты тексеріледі. Ал қарызы 4 миллион 900 мың теңгеден асатын азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Бұл борышкердің баспанасы банкте кепілдікте болса, онда несие берушілер мүлікті алып қоюға құқылы. Үй сатылымға шығарылып, түскен қаржы қарыздарды өтеуге жұмсалады. Егер борышкердің баспанасы кепілдікте болмаса, несие берушілер оны талап ете алмайды, деді министр.

Үшінші – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Егер борышкердің тұрақты табысы бола тұра қарызын өтей алмаса, онда сот арқылы қарызды бөліп төлеу мүмкіндігіне ие бола алады. Бұл процедураның бір артықшылығы, борышкер "банкрот" деп танылмайды. Одан бөлек министр банкроттықтың өзіндік шектеулері де бар екенін атап өтті.

“Біріншіден, бұл 5 жылға несиелер мен кредиттер алуды шектеу көзделген заңда. Екіншіден, азаматтар 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады. Үшіншіден банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу көзделеді. Сол себептен, азаматтар өзін банкрот деп жариялаудан бұрын ықтимал салдары мен оның тиімсіз жақтарын, шектеулері туралы барынша ойлануы қажет”, – дейді қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев. 

Заңның бір нормасы Ерұлан Жамаубаевты сұрақ астына алған депутаттардың көңілінен шықпады. Халық қалаулылары борышкердің жалғыз баспанасын несие берушілердің алып қоюына үзілді-кесілді қарсы. 

“Әрине, жалғыз баспананы бала-шағасын көшеге тастап, оны жіберу деген, меніңше, өте қатыгез жағдай. Ондай жағдайға жол бермеуіміз керек”, – деді Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан. 

“Біздің ойымызша бұл – үлкен қателік. Үлкен қате. Ертең біз оларды балаларымен, қарияларымен далаға лақтырсақ, болады сонда?” – деді Азамт Перуашев. 

Тағы бір айта кетері, коммуналдық, салықтық төлемдер бойынша қарызы бар азаматтар банкрот деп танылмайды. Одан бөлек өзін әдейі банкрот деп танып, алаяқтыққа баратындарға қылмыстық кодексте арнайы жаза қарастырылған. Алдағы уақытта заң қабылданып жатса борышкерлер өтінімді EGOV порталы немесе Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы бере алады.

Еске салайық, кемінде бір жыл бойы банктер, микроқаржылық ұйымдар мен коллекторлар алдындағы қарызын өтей алмаған қазақстандықтар банкрот деп танылады. 

Талқылау