Қазақстандықтар 12 жастағы маникюр шеберіне миллион теңге жинап берді
Екібастұздың 12 жастағы тұрғыны, маникюр шебері Арулат Мұхаметқалидің інісінің еміне қазақстандықтар бір миллионнан астам теңге жинап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Арулаттың інісінің жағдайы қазақстандықтарды бей-жай қалдырмады. Олар баланың анасынан банк реквизиттерін Instagram-ға жариялауын сұрапты. Екі күннің ішінде тұрғындар отбасыға бір миллион теңге жинап беріпті.
"Біз біреуден көмек сұраған емеспіз, бар қиындықты өз күшімізбен жеңетінбіз. Сол себепті бұлай болады деп ойламадық та. Қуаныштан жылағымыз келіп отыр. Жиналған ақша баламыздың 5 рет ем қабылдауына жетеді. Бір емнің өзі 200-250 мың теңгені құрайды", - дейді баланың анасы Сания Рахимова.
Әйелдің айтуынша, кейінгі кездері оның телефонына хабарлама мен қоңырау жиі келіп түседі екен. Хабарласқан адамдар Арулатқа ризашылықтарын білдіріп, Бекарысқа тезірек сауығып кетуін тілейді екен. Келіп түскен ақша екі жүз бен 10 мың теңгенің арасын құрайтын көрінеді.
Дегенмен Арулат өзі танымалдылығына аса қатты мән бермепті. Сөзінше, демалыста оның қызметіне бірнеше әйел жазылыпты. Бірақ жеткіншектің ата-анасы ұлдарының сабақ пен жаттығуға көбірек көңіл бөліп, демалғандығын қалаймыз дейді.
"Арулат, бірінші кезекте, кішкентай бала ғой. Бұл кәсіп оның қызығушылығы ғана. Біз оның ісі ұлымызға кері әсер етпеу үшін мұқият қараймыз. Бірақ баламыз талпынысын тоқтатпаймын дейді. Осы жаңалықтан кейін бізге белгілі кәсіпкер хабарласып, Арулатты әйгілі тырнақ әрлеуші шебердің сабағын алуға жағдай жасайтынын айтты. Қазір Арулат қуанышы қойнына сыймай, ол кезді асыға күтіп жүр", - деп қосты баланың анасы.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Екібастұздың 12 жастағы тұрғыны маникюр жасап, інісінің еміне ақша жинап жатқаны айтылған еді.