Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұздың 12 жастағы тұрғыны маникюр жасап, інісінің еміне ақша жинауда

Екібастұз қаласының 12 жастағы тұрғыны Арулат Мұхаметқали сұлулық саласына жастайынан көңіл аударған. Жеткіншек шебер түрде маникюр жасап, тырнақ дизайнымен айналысады екен. Ал жұмысынан жиналған ақшаны ол інісінің еміне жұмсамақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  Хабар 24 арнасына сілтеме жасап. 

Арулат

12 жастағы Арулат өзінің ісіне жауапкершілікпен қарайды. Ең алдымен жұмыс орнын реттестіріп, құралдарын дезинфекциядан өткізеді. Оның ісіне әйелдер жоғарғы баға беріп отыр екен. Жас шебердің ынтасы мен жасампаздығы клиенттерді тәнті қылуда. Алайда жеткіншек өзі үшін емес, інісінің еміне ақша жинап жүр. 

"Менің 6 жастағы мүгедек інім бар. Ал жарты жыл бұрын тағы бір рет інілі болдым. Анамыз сыртқа сирек шығады, себебі баланы қарау керек. Бір күні ол үйге маникюр жасайтын шеберді шақырды. Мен қызығып, оның жұмысын қарап отырды. Артынан неге менде осы тірлікті үйренбеске деген ой келді. Тырысып көрдім, қолымнан келді. Бірте-бірте осы іске үйренісіп кеттім, алдағы уақытта шеберлігімді жетілдіргім келеді",  - дейді Арулат Мұхаметқали. 

Алғашында баланың ата-анасы оның ісіне қарсы болыпты. Әкесі бұл ер азаматтардың жұмысы емес деп айтса, анасы Арулатты бірнеше рет райынан қайтармақшы болыпты. Бірақ жеткіншек алған бетінен қайтпаған көрінеді. Танымал тырнақ шеберінің де дәрісін алыпты. 

"Әлгі шебер өзі осында келді. Баламмен әңгімелесіп, оның сөздеріне қайран қалыпты. Айтуынша, менің баламмен сөйлесіп отырып 12 жастағы ұлмен емес, 20 жастағы жігітпен тілдескендей болыпты. 12 жасында алға қойған мақсаты анық тұлға ретінде өзін қалыптастырған. Баламның дарынды екендігін айтып, біздің Арулаттың ісіне бөгет болмауымызды сұрады", - дейді Арулат Мұхаметқалидің анасы Сания Рахимова.   

Кейін келе жас шебердің ата-анасы өздерінің пікірлерін өзгертіп, балаларына жәрдемдесіпті. Арулат арнайы курсты оқып, сертификатқа ие болыпты. 

"Қызметі сапалы әрі арзан. Әрқашан жаңа дизайн ұсынып отырады. Ісін беріліп істейді. Жас болса да маған оның жұмыстары ұнайды", - дейді Екібастұз қаласының тұрғыны Айым Қинаятова. 

Арулат күніне бірнеше сағат қана жұмыс жасайды екен. Қалған кездері сабақ оқып, жаттығуға қатысады. Болашақта әйгілі шебер болғысы келеді.

Тырнақ шеберінің Бекарыс есімді інісі төрт жыл бұрын үшінші қабаттан құлап кетіпті. Қатты жарақат алған. Оған тек шетелдегі емханалар көмектесе алады екен. Бірақ ол жаққа баруға бес баласы бар отбасының жағдайы жоқ көрінеді. 

 



 

Талқылау