Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық сарапшылар елімізде үйлер қашан арзандайтынын айтты

Қазақстандық жылжымайтын мүлік бойынша сарапшылар қазіргі таңда үйдің бағасы шарықтап кеткенін айтады. Бұған себеп - зейнетақының бір бөлігін алу туралы заңның қабылдануы, дейді олар. Сөздерінше, бұған дейін баспана бағасын негізсіз өсіріп жіберген алып-сатарлар бұл жаңалықты естіп тағы да үйлерді бір жарым-екі есе қымбаттатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.  

пәтер

Қазақстанда жылжымайтын мүлікке деген сұраныс жылдан жылға өсуде. Сұраныспен бірге пәтерлердің бағасы да қымбаттауда екен. Krisha.kz басылымының мәліметінше, өткен жылы үй бағасы 17%-ға ұлғайған. 

"Үйдің қымбаттануына әсер еткен нарықтағы факторларды алып қарайтын болсақ, бірінші кезекте, ипотекалық бағдарламаларға байланысты сатушылар әдейі пәтер бағасын өсіруде. Екіншісі - олардың дағдарысқа дейінгі тәуекелдерден қорғануы. Олар бағаны көбейтсе, құрылыс компаниялары да үйді қымбаттады. Бұған қоса, зейнетақы жинақтамасының бір бөлігін алу тағы бар", - дейді Krisha.kz жетекшісі Севиль Дарган. 

Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов азаматтың зейнетке шықпайынша, зейнетақы сомасына қол жеткізуді құптамайтынын алға тартады. Себебі бұл зейнеткердің болашағына қауіп төндіріп қана қоймай, нарықтағы қаражат спекуляциясына әкеледі. Қазір осындай жағдай көрініс табуда, дейді ол. Сөзінше, дүрбелеңнің көкесі азаматтар бұл ақшаны алғаннан кейін басталады. 

"Бізде инвестицияны құюдың басқа тиімді құралдары болмағандықтан, жылжымайтын мүлік үлкен сұранысты иеленіп отыр. Қазақстандықтар ақшаларын сақтап қалу үшін үй сатып алады. Сонымен қатар, біздікілер теңгенің құлдырауын күтуде, сондықтан пәтер мен доллар сынды тұрақты валюта қажет. Ал БЖЗҚ-да доллар сатып ала алмайсың, сол себепті үйге инвестициялауға тура келеді", - дейді Расул Рысмамбетов. 

Сарапшылардың пікірінше, биыл жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлердің бағасы тағы 5%-ға көбеюі мүмкін. Сондай-ақ, олар елімізде үйлердің қымбаттауы қолдан жасалып отыр дегенмен келісетінін жеткізді. Айтуларынша, жаңа үйлерді қазір сатып алған дұрыс. Ал екінші деңгейлі пәтерлерді сатып алмақ болсаңыз, бұл ойыңыздан бас тартқан жөн. Өйткені алдағы уақытта нарықта үйлердің арзандауы күтілуде. 

"Жыл соңына дейін бұрын қолданысқа берілген пәтерлердің бағасы 10%-ға дейін төмендейді. Себебі мұндай үйлерді жаңа үйлерге қарағанда әлдеқайда қымбаттатып жіберген", - дейді Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов. 

Мамандар мемлекет халықты қолдап, олардың үй алуына миллиардтаған теңге қиса, онда нарықтағы бағаны да реттеп отырулары керек дейді. Өйткені мәселе одан әрі ушыға берсе, қазақстандықтардың баспанаға қол жеткізуі екіталай. 

Талқылау