Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл масқара": Мектеп асханаларындағы 350 теңге тұратын ауыз су министрдің ашуына тиді

Қазақстандық оқушылардың ата-аналары енді мектепте қандай ас берілетінін онлайн форматта бақылай алады. Барлық мектептер тамақтандыруды ұйымдастыру туралы ата-аналарға есеп беруге, мектеп асханаларының мәзірін онлайн түрде жариялауға міндеттеледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Казахстанская правда" газетіне сілтеме жасап.

Фото: Liter.kz

Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Павлодар облысына іс-сапармен барған кезінде айтты. 

Әр білім мекемесі балаларға түскі және бесіндік асқа қандай тағамдар берілетінін ғаламторда жариялауы тиіс. Елімізде бірегей типті ас мәзірін даярлаумен тамақтану Академиясы айналысады. Кейін оны денсаулық сақтау министрлігі мақұлдайды. Соның негізінде еліміздің барлық мектептері жеке ас карталарын жасайды. 

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктері мектептің типтік мәзірін жаңалауда. 



"Біз норманы бекіттік. Бірер күнде бұйрыққа қол қоямын, ол бойынша әр мектеп ата-аналарға арнап "Күнделік" немесе басқа жүйелер арқылы белгілі бір порталда асхана мәзірін жариялауға міндеттеледі. Тамақтану тақырыбына келгенде ақпараттың ашықтығы маңызды", - деді Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, министр кейбір мектептерде тағамдардың бағасы тым қымбат екенін атап өтті. Аймағамбетов мысал ретінде елорданың білім беру мекемесінде жарты литрлік минералды судың бағасы 300-350 теңге тұратынын айтты. 

"Масқара ғой. Бензиннен қымбат. Бұл дегеніңіз нағыз ұрлық. Мектеп асханасы - адам көп кіретін орын. Балалар, мұғалімдер үнемі бірдеңе сатып алады. Қазіргі уақытта біз бұл сұрақты да реттеп жатырмыз", - деді министр. 

Талқылау